Түркістанға келуші шет елдік туристердің қатары артты
Биыл рухани астанаға 1000-ға жуық шет елдік турист келді. Бұл туралы бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте. «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің» басшысы баяндады.
Бөлім басшысы Талғат Қыдырбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қалаға 385 398 турист келген.Сонымен қатар, баяндамашы шаһардағы инвестиция көлемі артқанын мәлімдеді. Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 100,2 млрд теңгеден 115,1 млрд теңгеге артқан. Өңдеу өнеркәсібі — 6,31 млрд теңгеден 6,62 млрд теңгеге көбейген.
Шағын орта бизнеспен айналысатын — 2327 тұрғын тіркеліп, 1719 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.Баға тұрақтылығын сақтау үшін 30 әмбебап дүкенде әлеуметтік бұрыш ашылды. Одан бөлек, туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Аталған мақсатта, нұсқаушы-аудармашы Д.Шерниязовтың курсына 32 азамат қатысып, білім алды. Туризм саласында оқитын студенттерге арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, қаладағы орналасу орындарының қызмет көрсетуі бойынша түсіндірме жұмыстары жасалды.
Баяндаманы тыңдаған қала басшысы қонақтарға қызмет көрсету сапасын арттыруды, туристтерге жайлы орта қалыптастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік бұрыштар қатарын көбейту қажеттілігі ескертілді.