Түркістанда журналист Батырбековті «өлтіруге тапсырыс берді» деп күдікке ілінгендердің соты басталды
25 шілдеде Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Сарыағаш-информ» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековті «өлтірмекке тапсырыс берді және оны орындамақ болды» деп күдікке ілінген төрт адамның ісін қарай бастады. Сот кабинеті жүйесінде іс сотқа 13 шілдеде түскені жазылған. Күдікті ретінде Сабырходжа Молдаходжаев, Нұрғали Қыдырәлиев, Әбдухамид Қуандықов, Мейіржан Досболов, Бауыржан Майрихов танылған.
Майрихов пен Молдаходжаев — Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен, Қуандықов — «Адам өлтіру» бабы, «Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, алып жүру» бабы, «Қаруды заңсыз жасау» бабымен, Досболов — “Ұрлық» бабы, «Адам өлтіру» бабы, «Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, алып жүру» бабы, «Қаруды заңсыз жасау» бабымен, Қыдырәлиев «Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, алып жүру» бабы, «Адам өлтіру» бабымен айыпталған. Айыпталушыларды сот залына тергеу изоляторынан арнайы күзет жеткізді.
Айыптау актісіне қарағанда, 4 қаңтарға қараған түні Амангелді Батырбековке Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында оқ атып, өлтіруге Сарыағаш аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің (бұрынғы аудандық білім бөлімі – ред.) бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов тапсырыс берген. Оқ журналиске емес ұлы Дінмұхамедке тиіп, жараланған.
Бұдан бұрын Батырбековтің «Сарыағаш-информ» газеті мен әлеуметтік желілерде жазған сыни мақалаларынан соң Майрихов бөлім басшысы қызметінен босатылған. Айыптау актісінде Майрихов «кек алу мақсатында» басқа күдіктілермен алдын ала сөз байласып, «қасақана» қылмысқа барғаны жазылған. Күдіктілер 21 қаңтарда ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. содан бері тергеу изоляторында отыр.
Бұдан бұрын полиция оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Тергеу тобы оқиға журналистің кәсіби қызметімен байланысты екенін анықтаған. Тапсырыс беруші Майрихов «журналистің өмірін 5 млн теңгеге бағалаған». Журналист ұлының денсаулығы жақсы екенін айтады.
Амангелді Батырбеков ұлына оқ атылғанда мұны Facebook’тегі екі жазбасымен байланыстырған еді. Оның бірінде Сарыағаштағы балабақшаның жұмысы жөнінде айтылып, аудандық білім бөлімінің басшысы Майриховтың да аты аталады. 2020 жылы Батырбековтің үстінен бірнеше рет «Жала жабу» және «Қорлау» бабымен іс қозғалып, журналист ақталып шыққан. Ол кезде де істің қозғалуына оның әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болған. 2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш ауданы соты Батырбековті 2 жыл 3 айға қамаған. Бірақ Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналистті ақтаған.