Кеген ауданының тұрғындары Алматы-Нарынқол жолын жауып, жаңа асфальт талап етті
Бүгін, 25 шілдеде Алматы облысының Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары Алматы-Нарынқол күре жолын жауып, наразылық акциясына шықты. Наразылыққа жиналғандар түсірген видеолардан жүздеген адамның Кеген ауданындағы Қайқы асуы тұсында жолды жауып, жауапты мекемелердің басшыларына наразылығын білдіріп тұрғаны көрінеді. Күре жолдың екі жағынан келген жүздеген автокөліктің өте алмай тұрғаны байқалады.
Жиналғандардың сөзінше, Кеген мен Қайқы асуы арасындағы 15 км жолды былтыр шілдеде орта деңгейде жөндеу жұмыстары басталған, алайда көп ұзамай жұмыс тоқтап қалған.
2021 жылы шілдеден қыркүйекке дейінгі аралықта 15 шақырым жолды түгел күреп тастады. Үш шақырымдай жолға асфальт төселген, онысы биылдың өзінде ойылып, жарамай қалды. Қазір бұл жолмен жүремін деп апатқа ұшырап жатқандар да бар, жол әбден тозып, халықтың жүйкесіне тиді. Халық жолды тездетіп бітіруді талап етіп тұр, — дейді жергілікті белсенді Мақпал Шадан.