Орал соты белсенді Орынбай Оқасовты түрмеде қалдырды

0

 Орал соты 27 шілдеде белсенді Орынбай Оқасовтың жазаны жеңілдету туралы өтінішін орындамай, белсендіні түрмеде қалдырды. «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін» (405-баптың 1,2 бөліктері) сотталған белсенді түрме жазасын бостандықты шектеу жазасымен алмастыруды сұраған. Сотқа жазған өтінішінде өзінің «аса ауыр емес қылмыс» бойынша сотталып отырғанын және барлық сот шығынын өтегенін атап өткен. Бұл жөнінде сотта оның адвокаты Жанболат Көлжанов хабарлады.

 Материалдармен танысқан судья сотталушының құжаттары түгел екенін, алайда оның түрмеде отырғанына үш ай да толмағанын, түрме әкімшілігі оның тәртібіне баға беріп үлгермегенін айтты. Белсендінің қамауда отырғанына төрт ай болған, алайда оның түрмеге ауысқанына екі айдан асқан. Екі айға жуық уақыт ол тергеу изоляторында болды. Сот барысында түрме әкімшілігінің өкілі Оқасовтың 19 мамырда колонияға келгелі бері қалыпты жағдайда жазасын өтеп жатқанын, алғыс немесе айыппұлы жоғын айтты. Ол белсендінің өтінішін орындауға қарсы болды. Прокурор да түрме әкімшілігінің пікірін ескеріп, соттан Оқасовтың өтінішін орындамауды сұрады.

 Судья Роза Сариева прокурордың пікірін қолдап, Оқасовтың өтінішін қанағаттандырмады.

 Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, өзі де бір адамдық пикеттер ұйымдастырып жүрген белсенді. Былтыр қарашада Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты оны «тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін» бір жылға бостандығын шектеген. Қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға да тыйым салған. Белсенді тағылған айыптарды мойындамады. Биыл 25 наурызда Орал соты Орынбай Оқасовтың шектеу жазасын түрме жазасына ауыстырған. Соттың айтуынша, Оқасов пробация бақылау ережесін бұзып, 4-5 қаңтар күндері наразылық акциясына шыққан. Оқасов айыпты жоққа шығарып, митингіге қатыспағанын айтқан.

 Мамырда құқық қорғаушылар Орынбай Оқасовты «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.

  • Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 2021 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша елде кемінде 70 адам «экстремистік» 405-бап бойынша сотталған. 150 адам осы бап бойынша қорғануға құқығы бар куәгер атанған.
  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігі «экстремизм» бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.
КілтсөздерОралсоттүрме


ПІКІР ЖАЗУ