Роскомнадзор «Новая газета» басылымын тіркеуден алып тастауды талап етті

0
21

 Роскомнадзор Мәскеу сотына қайырылып, тәуелсіз «Новая газета» басылымын тіркеуден алып тастауды талап етті. Бір жыл бұрын беделді Нобель бейбітшілік сыйлығы осы басылымның бас редакторы Дмитрий Муратовқа берілген еді. Сотқа шағым 26 шілдеде түскен. Енді судья үш күн ішінде постсоветтік Ресейдегі ең беделді басылымдардың біріне қатысты шағым бойынша шешім шығаруы тиіс.

  «Новая газета» Ресейде қалған соңғы тәуелсіз басылымдардың бірі. Наурыз айында Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы материалын алып тастағаннан кейін басылым жұмысын тоқтатқан. Басылымның кейбір қызметкерлері Ресейден кетіп, «Новая газета. Европа» деген атпен Латвия астанасы Ригадан газетті шығара бастаған. Ресейдің медиа реттеуші органы басылымның сайтын бұғаттаған. Соғысқа қарсы екенін ашық айтып жүрген Дмитрий Муратов Ресейде қалды.

  24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеу Ресей армиясы туралы «жалған ақпарат таратып», «орыс армиясының беделін түсіргендерді» қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң қабылдаған. Бұл заң соғысқа байланысты «өзгеше ойлайтындарды» жаппай қудалауға түрткі болды.



ПІКІР ЖАЗУ