«ДХР» мен Украина Еленовкадағы колонияға шабуылға бір-бірін айыптады. Мұнда украиналық тұтқындар отыр

0

 Ресей қолдайтын «ДХР» сепаратистері Донецк облысы Еленовка елдімекеніндегі колонияға жасалған соққыдан украиналық 40 әскери тұтқын қаза болды деп мәлімдеді. Өзін «ДХР» аймағының ақпарат министрінің орынбасарымын деп атаған Даниил Безсонов «шабуылды Украинаның әскерилері HIMARS ракета ататын жүйесі арқылы жасады» деп отыр. Оның сөзінше, 130 адам жараланған. Сепаратистердің өкілінің бұл сөзін ресейлік агенттіктер жаппай жазып жатыр, бірақ бұл оқиғаға қатысты басқа дереккөздерде ақпарат шықпады.

 Ал Украина қарулы күштері бұл колонияға шабуылға Ресейді айыптаады. «Осылайша ресейлік оккупанттар Украинаны «соғыс қылмысына» айыптамақ болды. Бұған қоса, Ресей қарулы күштерінің және оккупациялық әкімшіліктің бұйрығымен тұтқындарды азаптау және өлім жазасына кесу қылмыстарын жасыру үшін осылай жасап жатыр» деді Украина қарулы күштерінің бас штабы мәлімдемесінде.

 Еленовкадағы №120 колонияда мамыр айында Мариупольде тұтқынға түскен украиналық әскерилер қамауда отыр. Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, жұмаға қараған түні украиналық әскерилер Донецк облысы Иловайск елдімекеніндегі және Херсон облысы Бриловка елдімекеніндегі Ресейдің қару-жарақ қоймаларына соққы жасаған.

 Киев Ресей әскерилері Николаев қаласындағы тұрғын үй кварталына шабуыл жасап, кемі төрт адам қаза тапқанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Никополь қаласына да ракеталық шабуыл жасалғаны айтылды. Донецк облысының Украина әскерінің бақылауындағы аудандарында соққыдан кемі сегіз адам қаза тапқаны хабарланды. Қазір Украинада негізгі шайқас Донецк облысында жүріп жатыр. Соғыс уақытында екі тараптың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру қиын.



ПІКІР ЖАЗУ