Түркістан облысының әкімі Ө.Е.Шөкеевтің «Turkistan» телеарнасына берген сұхбатының мәтіні
Түлеген Түркістанның құрылғанына төрт жыл болды. Төрт жылда қайта жаңғырту жобасының бірінші кезеңі аяқталды деп айтуға болады. Осы жаңғыртудың басы-қасында жүрген басшы ретінде қысқаша жеңісті жетістіктерге тоқтала аламыз ба?
— Елбасының тарихи шешімінің арқасында Түркістан қайта жаңғыруға кірісті. Төрт жылдан бері көптеген шаралар жасалды. Бір ерекшелігі — ол жоспар бойынша жасалып жатыр.
Қазір көп қалаларда сын айтылып жатыр ғой, точечный застройка, бейберекет соғу сияқты көптеген проблемалар. Ондай мәселелер Түркістанда жоқ. Өйткені, бас жоспар бойынша жасалып жатыр. Бас жоспар кезінде бекітілген, әбден талдаудан, сараптамадан өткен. Сол жоспармен біз кезең-кезеңмен жүріп келе жатырмыз. Бірінші кезеңі аяқталды дегеніміз, ол енді былайша айтқанда қаланың негізі салнынды деп айтуымыз керек. Жалпы қала үш бағытта дамып келеді. Бірінші — Тарихи-мәдени орталық; екінші — әкімшілік орталық; үшінші — қазір қалыптасқан жаңғыртудан өтіп жатқан үлкен қала. Осы үш бағытта бас жоспар құрылған, сол жоспар бойынша келе жатырмыз.
Бірінші кезең.
Өмірзақ Шөкеев: «Инфрақұрылым мәселесін шешу – бірінші кезекте»
«Үш жылда жасалған жобалардың 3/2-і осы су құбыры, газ, электр жүйесі, жылу жүйесі, жолдар, көгалдандыру, суландыру секілді инфрақұрылымға байланысты. Инфрақұрылыммен бірге біраз ғимараттар да салынды. Оның ішінде мәдени нысандар, спорт нысандары, әкімшілік ғимараттар, мектептер, көшелер мен парктер, гүлзарлар салынды. Екінші кезең де Үкіметпен бекітілген жоспармен салынады»,-деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Turkistan» телеарнасына берген сұхбатында.
Облыс басшысы ендігі кезекте денсаулық саласына, туризмге қатысты нысандар салынатынын айтты.
«Бір еркешелігі екінші кезеңде 2025 жылға дейін 1 триллион 300 миллиард теңге инвестиция құюымыз керек. Оның бір триллионы жеке инвестиция, сонда бюджеттен салынатын әр теңгеге үш теңге инвестиция тартылатын болады. Екінші кезеңнің ерекшелігі осы» дейді Ө.Шөкеев.
Атап өтейік, Түркістан қаласы
Түркістан облысы құрылғалы бері 4 жыл уақыт болды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі орын алды. Атап айтқанда:
– жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, (2018 ж. – 1,7 трлн.
теңге) 2,8 трлн. теңгеге жетті;
- өнеркәсіп өнім көлемі 1,6 есеге артып
(2018 ж. – 453,8 млрд. теңге) 707,8 млрд. теңгеге жетті;
- ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, (2018 ж. – 544,3 млрд. теңге), 906,5 млрд. теңгені құрады
- 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға беріліп,
(2018 ж. – 387,8 мың шаршы метр) 2,1 есеге өсті;
- облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып,
(2018 ж. – 565,1 млрд. теңге) 970,3 млрд. теңгені құрады;
Бір кездері елорданың әкімі болдыңыз. Көп жұмыстар жасадыңыз. Қазір көп адамдар Түкістанды Астанамен салыстырады. Соңғы кездері тіпті Түкістанның климаты өзгерді деп жатыр. Жасыл белдеудің әсерін кәзірден көріп жатырмыз дейді. Ол Сіздің идеяңыз екені түсінікті. Жалпы Түркістанда осыны іске асыру қаншалықты қиын болды?
— Енді Астанада 2004 жылдан бастап үш жылдай қызмет істедім. Ол кезде де осындай ауқымды құрылыс жүріп жатқан. Сол жағалауда санаулы ғимараттар болған. ҚазМұнайГаздың ғимараты тұрды, Үкімет үйі енді саланып жатты, Ақорданың өзі салынып жатты. Одан кейін 2004-2005 жылдары қаржы жағынан жақсы мүмкіндіктер пайда болды. Кредитный бум. Банктер шетелден көптеген ақшаларды алып келіп кредит беріп жатты. Бұл Астанаға үлкен үлес қосты деп айтуға болады. Соны пайдаланып көптеген жеке инвесторлар сала бастады. Сол кезде екі-үш жылда сол жағалау қалыптасты. Жалпы қала салу, қала көшіру, астананы көшіру деген бізге бір керемет тәжірибе болды деп есептеймін. Басқа елдерге барып айтсаң, қала салу дегенді олар онша түсіне бермейді. Қалай ол мүмкін дегендей айтады.
Ал бізде сондай тәжірибе пайда болды, бір жағынан адамдар дайындалды. Ондай масштабты істерге басқаша көзқарас пайда болды. Мұндай істі жүзеге асыру мүмкін деген түсінік келді. Содан дайындалып келіп, Елбасының шешімімен Түркістан қаласы осындай жоба болып басталды. Сол кездегі Астананың тәжірибесі әрине пайдаланылды. Бас жоспарды алып қарасақ, почерк сол Астананың почеркі сияқты. Сол жақ жағалау сияқты бізде әкімшілік орталық бар. Мәдени орталық ол әрине басқаша дүние, оны ортағасырлық архитектурада тарихи мәдени болмысын сақтап қалу керек әрине. Бірақ жаңа қалада Астананың тәжірибесін көбірек пайдаланып жатырмыз.
Соның ішінде климат мәселесі. Астананың климаты енді көбіне белгілі. Көп адам былайша айтқанда кұмәнмен қарады. Бірақ Астанада осы көгалдандыру арқылы климатты шамалы болса да өзгерту мүмкін екенін дәлелдедік. Сол тәжірибені пайдаланып Түркістанда да біз соған кірістік. Жалпы қаланың төңірегінде 13 мың га «Жасыл белдеу» салу деген жобамыз бар, жұмыс жасалып жатыр. Екіншісі, сонымен бірге «»Азық -түлік» белдеуі. Оның да көгалдандырумен бірдей эффектісі. Өйткені ол жерде жаңбырлатып суару технологиясы пайдаланылады. Сонда жалпы бізде климат өзгереді дегенге толық сенімім бар.
Одан кейін суландыру мәселесі. Түркістанда ағынсу жетіспейтіні белгілі, сондықтан суландыру жобаларына көптеген назар аударып жатырмыз. Оның ішінде каналды бетондау, одан келген суды қалаға пайдалану. Кенсай- Қосқорған деген жаңа суқоймасын салып біттік. Енді Сарқырама суқоймасын саламыз. Одан кейін бұрынғы Шошқа көл қазіргі Жеті көлде үлкен су резервуарын жасап жатырмыз. Биылдың өзінде 260 млн текше метр су жиналды. Бұның өзі климатқа әсерін тигізеді әрине. Сондықтан біз Астана арқылы адамның қолымен климатты өзгертуге мүмкіншілік бар екенін дәлелдедік деп ойлаймын. Сол тәжірибені пайдаланып Түркістан да да жұмыс жасау керек.
Біздер Сізді тек қана басшы емес, Түркістанның киесі Яссауи танушы, оның мұраларын зерттеуші ретінде білеміз. Расында қарапайым тұрғындар көп біле бермеуі мүмкін, бірақ ғалымдардың арасында, Сіздердің әкімдеріңіз, Яссауидің мұраларын кез-келген ғалымдардан кем білмейді, артық білмесе деп жатады. Ол Сіздің бала күнгі қызығушылығыңыз ба?
— Бала күннен деп айтуға келмес, біз енді Совет заманында өстік қой. Біздің жанұямызда әсіресе анамыз жастайынан діндар адам болған. Нағашы жұртымыздан үлкен деңгейдегі көкелеріміз болды. Солардың да ықпалы болды. Жалпы мен өзім Түркістанда туғанмын. Жас кезімізде осы жерде тұрған біздің жанұя. Қожа Ахмет Яссауиге деген көзқарас біздің үйде өте ерекше болған. Жылда келіп зиярат жасау ол енді біздің дәстүр деп айтуға болады. Сондай тәрбиемен өскен адаммын. Кейін өсе келе оқи бастадық, біле бастадық. Сонда Қожа Ахмет Яссауидің ислам дініндегі орны қаншалықты үлкен екенін енді ғана сезіп, біліп жатырмыз.
Ал енді Түркістанға әкім болып келгеннен кейін, барған жерде қандай жұмыс болмасын соның түбіне дейін жетіп, біліп, оқып, зерттеген дұрыс қой деп ойлаймын, қай бір басшы болса да. Өйткені біз қарым қатынаста боламыз, Түркістанға әртүрлі азаматтар, үлкен ғалымдар келеді терең білетін. Дін басшылары, шетелден басшылар келеді, олармен әңгімелескен кезде бұл жерді біліп отыруымыз керек. Сондықтан, оған кіріскенім рас. Үш төрт жылдан бері терең зерттеуге тырысамын. Оның ішінде тек қана біздің Қазақстанның ғалымдарының еңбектері емес, жалпы әлемдегі. Қожа Ахмет Яссауи туралы білімнің басым бөлігі, ол кісінің мұрасы шетелде сақталған. Оны біз мойындауымыз керек. Ол кісінің шәкірттері де, қазіргідей айтқанда ізбасарларының көбісі шетелдерде Түркияда, Америкада, Германияда. Сондықтан солардың еңбектеріннің бәрін жинап біз ғылымды насихаттауымыз керек. Ғылым бар, тек оны насихаттау керек. Көп адамдар Яссауи туралы тек аңыздар арқылы біледі. Аңыздар дұрыс, бірақ олардың мәнін, мазмұнын түсіне бермейді, ертегі сияқты қабылдайды. Бірақ ол ертегі емес. Мысалға айтайық бірақ факт, Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауиға құрма берген эпизотты алайық. Оқи келе біледі ғой, пайғамбар қай ғасырда Арыстан баб қай ғасырда өмір сүргенін. Ол қалай құрманы береді деп ойлайды. Ал ол басқаша мағынада. Құрма деген сөз ілім дегенді білдіреді. Сондықтан аңызды оқыған кезде оны терең түсіну керек.
Болмаса Қожа Ахметтің хикметтерін алайық. Оны алып таза тікелей қазақшаға аударып түсігісі келеді. Ол хикметті түсіну үшін құранды түсіну керек, хадистерді түсіну керек. Негізі пайғамбардан бастау керек. Қожа Ахметтің өзі айтты ғой, хикметтерім менің құран деп. Бірақ (шағатай) түрік тілінде жазылған құран. Сондықтан оны тікелей қазақ тіліне аудара салып, түсініп аламын деген ол болмайтын нәрсе. Сол сияқты Қожа Ахмет Яссауидің мұрасы бізде көп жерде бағаланбайды, жоғалтып алған деп айтуға болады. Сондықтан біз оны жаңғыртуымыз керек.
Айталық Түркі елінде Яссауиді Юнус Эмремен бірге жалпы түріктердің әдебиетін қалаушы ретінде таниды. Ал бізде ше ? Абайды алып қарасақ, Шәкәрім, Мағжанды алсақ олардың бәрінде Қожа Ахмет Яссауи ілімінің негізгі жолы жатыр. Оны неге біз мойындамаймыз, неге айтпаймыз, насихаттамаймыз?
Біз енді күзде үлкен бір конференция жасауға дайындалып жатырмыз. Оның ішінде тек қана осы төңіректегі ғана емес , бүкіл дүниежүзінен Яссауи танушыларды жинаймыз. Отыз спикермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Барлық дүниеде қалыптасқан ғылымды бәрін жинақтамақ ойымыз бар. Бізде кітапхана бар, Яссауи музейі бар соның негізінде өткіземіз. Ол конференцияға мемлекеттік кеңесшісі Карин мырза өзі басшылық жасайды. Барлық министірліктерге тапсырма берді, үлкен дайындық жүріп жатыр.
Мемлекеттік қызметте жүргенде біраз шәкірт десек те болады, орынбасарларыңыз, мысалға Тамар Дүйсенова, Дархан Мыңбай. Осы шәкірт тәрбиелеудің, ізбасар дайындаудың құпиясы бар ма, кадрды қалай таңдайсыз?
— Ең үлкен критерий ол жұмыста шығарып жатқан нәтиже. Мен енді көп сөзді жақтырмаймын. Өзін-өзі жарнамалайтын азаматтарды жақтырмаймын. Нақты жұмыс істеп, жүйелі түрде қызмет жасап жүрсе қолдауға тырысамын. Қай жерде істесем де сол. Бірталай облыстарда да істедім, сондай азаматтарды іріктеп, теріп жүргенді дұрыс көремін. Оны біреулер айтады командный подход деп, ал басқаша қалай? Біздің істеп жатқан жұмыстардың барлығы, берген учаскелер өте күрделі, бұл жерде кадрлар дұрыс болмаса, дұрыс таңдалмаса жұмыс жүрмейді. Сондықтан жүрген жеріңде теріп жүру керек. Жұмысына, нәтижесіне, біліміне және біліктілігіне байланысты таңдасаңыз, оның басқа құпиясы жоқ. Сонда нәтиже болады деп ойлаймын.
Жеке басыңызға қатысты сұрақ қойсақ. Әрбір тұлғаның өз хоббиі болады. Сізді спортқа жақын адам, әсіресе ат спорты мен хоккейді ұнатады дейді. Сол рас па және ол қайдан туындаған?
— Балалық шақтан қалыптасқан болуы керек. Жалпы спорт адам денсаулығының кепілі ғой. Денсаулықтың 80% спортқа байланысты. Қалғаны медицинаға және тағы басқасына байланысты. Ол дұрыс қағида деп ойлаймын. Жастай балаларды әрине оқыту керек, білім керек әсіресе қазіргі заманда. Компьютерден шықпайды, таңертеңнен кешке дейін отырып қалады. Ол дұрыс емес. Мен өзімнің бала-шағама да айтамын, спортты ұмытпау керек, екеуін бірдей алып жүру керек. Сен қаншама білімді болсаң, гений болсаң да денсаулығың болмаса сен ешкімге керек емессің. Сондықтан, денсаулық жағын әсіресе жастарға, мен ойлаймын барлық жағдай жасау керек.
Түркістанда стадион арена салынды. Футбол ойнаймын десе де, тренажерлік залы бар, гимнастика, бокс бар трибунаның астында. Барлық жағдай жасалған. Мұз сарайын салып жатырмыз. Содан кейін мынау бассейн салынды Олимпиада орталығында. Фокс салынып жатыр. 2000 метрлік есу каналы еш жерде жоқ объект салынып жатыр. Теннис орталығы ашылды. Спорттың әр түрін дамыту керек. Өйткені балалар бірдей емес, біреуінің тенниске, біреуінің боксқа қабілеті бар, біреуі жүгіруге, сондықтан әртүрлі мүмкіншілік беру керек. Әр түрлі нысандар салу керек деп ойлаймын. Бұл біздің балаларға, келешекке салынып жатқан инвестиция деп түсіну керек. Көп адам оған мән бермейді. Бірақ одан маңызды еш нәрсе жоқ. Сондықтан қай жерде жүрсем де осыған көп көңіл бөлуге тырысамын.
Қазір қоғамда блогерлер, яғни қоғам белсенділері көбейді. Олардың енді тигізіп жатқан пайдасы да бар, кемшіл тұстарды көрсетіп, сол арқылы түзету. Қазіргі тенденцияға өзіңіздің пікіріңіз қандай? Қолдау керек пе?
— Қолдау керек әрине, бұл технологияның дамуы, сондықтан блогерлердің шығуы ол заңдылық деп ойлаймын. Бірақ қайбір тірлік болмасын жауапкершілік те болуы керек. Енді дәлелді, дұрыс болса яғни обьективная критика болса оған құба-құп деуге болады. Жалпы бұл технологияны ешкім шектей алмайды, оны ешкім тоқтата алмайды, оған ешкім ренжи алмайды. Сондықтан бұны пайдаланып, біздің мамандар, журналистер сол жүйеге немқұрайлы қарамай соған кірісіп сол жерде өзінің ақпаратын таратуға тырысу керек. Сонда бәсекелестік болады. Бұрын кітапқа немесе газетке, телевидениеге шықса, ой болды деп бәрі ойлайтын. Статья шықса бітті шаруа деп. Ол жағынан да біз өзгеруіміз керек. Оған да сабырмен қарау керек, иа бұл біреудің пікірі, мына жерде басқа пікір бар екен тексеру керек. Былайша айтқанда иммунитет болуы керек. Әсіресе басшыларда. Сондай болатын болса олардың ешқандай зияны жоқ.