Құбыр желісінің жұмысы апаттан кейін қалпына келді

0
21

 Қазақстан мұнайының басым бөлігін экспорттайтын құбыр желісінің жұмысы апаттан кейін қалыпқа келді. Бұл жөнінде Каспий құбыр желісі консорциумы хабарлады. Атыраудағы мұнай айдайтын «Құрманғазы» және «Исатай» станцияларында 29 шілдеде айдау жылдамдығы ұлғайтылған, бұл құбыр желісінің нысандарын қалыпты жұмыс режиміне көшіруге мүмкіндік берген.

 «Қазір Теңіз-Новороссийск құбыр желісі штат режимінде жұмыс істеп жатыр, бұл мұнай тиейтіндердің өтінішін орындауға мүмкіндік береді» деп жазылған КҚК хабарламасында. 27 шілдеде кешке жауын-шашын мен қатты желдің салдарынан екі станция электр энергиясынан ажыратылып, екі электр линиясы істемей қалған еді, жеті баған құлаған. Қазақстан электр желілерін басқарумен айналысатын KEGOC компаниясы бағандарды өз күшімен қалпына келтірді деп хабарлады КҚК.

 Қолайсыз ауа райының салдарынан Атырау мұнай өңдейтін зауыты мен Karabatan Utility Solution электрстанциясының байланыс линиялары істен шыққан. Жыл басынан бері Каспий құбыр желісі консорциумы бірнеше рет жұмысын тоқтатқан. Биыл наурызда құбыр консорциумының Ресейдің Новоросийск қаласы түбіндегі теңіз портында мұнай тасымалдайтын екі қондырғысы істен шығып, жұмысын ішінара тоқтатқан . Тек мамырдың соңында қалпына келгені хабарланды. Ресми түсіндіруі бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған. Алайда наурыз айында немістің Handelsblatt басылымы зерттеу жариялап, Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана бөгет келтірген деген тұжырым жасаған.

 15 мен 25 маусым аралығында Қазақстан мұнайы үш қондырғының біреуіне ғана тиелген. Ол кезде «суасты қауіпті заттарды утилизациялауға даярлық жұмыстар» жүргізіліп жатқаны айтылды.

 Шілде айында Новороссийск соты «экология ережелерінің бұзылуына байланысты» құбыр желісінің жұмысын 30 күнге тоқтатқан еді. Кейін апелляциялық инстанция шешімді өзгертіп, консорциумға 200 мың рубль көлемінде айыппұл салды.

 КҚК құбырының ұзындығы 1500 шақырым. Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі мұнайының 80 пайызын осы құбыр арқылы тасымалдайды.

 Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтатылатыны жайлы ақпарат шыққаннан кейін 7 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атаған. Осыған орай ол Транскаспий бағытын жүзеге асырудың оңтайлы әдісін тауып, екі құбыр желісінің қуатын көбейтуді тапсырған.



ПІКІР ЖАЗУ