Ресей олигархы Сүлейман Керимов Украинадағы соғыста ұлы өлген Дағыстан әйелдерін қажылыққа жіберген
Ресей федерация кеңесіне Дағыстан автономиялы республикасынан мүше болып отырған миллиардер Сүлейман Керимов Украинадағы соғыста өлген Дағыстан жауынгерлерінің шешелерін қажылыққа жіберген. Бұл жөнінде Дағыстан басшысы Сергей Меликов хабарлады. «Московский комсомольец» басылымының мәліметіне қарағанда, Сүлейман Керимов биыл өз есебінен Дағыстаннан қажылыққа 1 мың адам жіберген. Бірақ олардың қаншасы Украинадағы соғыста өлген Дағыстан жауынгерлерінің шешелері екені белгісіз. Сенатор олардың кейбірімен Дағыстанға барған сапарында, 30 шілдеде кездескен.
Сергей Меликов «ұлынан айырылған аналардың қайғысын қасиетті жер аздап болса да жеңілдететініне» сенеді. Меккеге қажылыққа бару – ислам дініндегі бес парыздың бірі саналады.
Дағыстан басшысы Сүлейман Керимовтен бұған дейін Иса пайғамбар атындағы діни-ағартушылық орталық құрылысына да ақша беруді сұраған. 22 мың адам сиятын, Еуропадағы ең үлкен мешіт болады деп жоспарланған бұл құрылыстың салынып жатқанына жеті жыл болған. Дағыстанның Дербент қаласында туып-өскен Сүлейман Керимов Forbes бағасы бойынша 14,5 миллиард долларымен Ресей байларының ішінде тоғызыншы орында тұр. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Путин айналасындағы соғысты қолдаған олигархтардың бірі ретінде ол АҚШ, Еуропа одағы мен Ұлыбритания санкциясына іліккен.
Ресейдің Украинадағы басқыншылығына федерация құрамындағы автономиялы республикалар мен облыстардың әскери қызметкерлері жиі қатысып жүргені байқалған.