Ресей азаматтарына TOEFL емтиханына тіркелуге тыйым салынды
TOEFL емтиханын ұйымдастыратын халықаралық ETS ұйымы Ресей паспорты бар азаматтарға аталған емтихан түріне тіркелуге және оның нәтижесін оқу орындарына жіберуге тыйым салды.
Мұндай шектеулер туралы бірінші болып «Медиазона» оқырманы жазды. ETS-тің түсіндіруінше, «АҚШ қаржы министрлігінің талабы бойынша» Солтүстік Корея және Ресей азаматтарына емтиханға жазылуға тыйым салынған.
Британдық BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, аталған емтихан түріне онлайн тіркелгісі келетін Ресей азаматтарына «Шетел активтерін бақылау жөніндегі басқарма (OFAC) талаптарына сәйкес, TOEFL өнімі мен қызмет түрлерін пайдалану мүмкіндігіңіз шектелген» деген хабарлама шығады.
OFAC – санкция ережелерінің сақталуын қадағалайтын АҚШ қаржы министрлігінің бөлімі.
- «Медиазонаның» жазуынша, мұндай емтихан түріне тыйым салынатыны наурызда хабарланған. Алайда ол кезде нақты тыйым салынғаны туралы ақпарат болмаған.
- Әлемде көптеген университеттерге түсу үшін TOEFL және IELTS сертификаттары қажет.