«Керуен Сарай» – туристерге құтты мекен

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттеріне берген сұхбатында Түркістан қаласының маңызы туралы әңгімелеп берген болатын. «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары», деді Президент. Сондай-ақ түгел түркінің темірқазығы саналатын Түркістанға тәу ету ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр екенін айтты. «Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған», деді Қ.Тоқаев.

Туризм саласы соңғы уақытта Түркістан өңірінде қарқынды дамып, тұрғындардың туристерге сапалы қызмет көрсетіп, олжаға кенелуіне мол мүмкіндік бар екенін дәлелдеуде.

Себебі Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету жергілікті биліктің күн тәртібіндегі басты талаптарының бірі болып отыр яғни, туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев туризмнің өңірде жанданып келе жатқанын айтқан болатын.

– Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылы 102 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-ші орындамыз. Былтыр Түркістанда демалыс орындары және туристік нысандар іске қосылды. Өңіріміз тарихи және мәдени мұраға бай. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік- сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді, – деді өңір басшысы.

Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізілуде. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП-50-іне енгізілген.

Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды. 2022 жылдың 5 айының қорытындысымен Түркістан қаласына бір күндік келушілер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 30 мыңдай адамға артып, 297 мың адамға жетіп отыр.

Өңірге туристерді молынан тартуда жолдың да маңызы зор. Былтыр 591 нысан немесе 1189,1 шақырым пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 79%-дан 87%-ға дейін артты. Биыл 1300 шақырымнан астам жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмысымен қамтылмақ.

Жаңарған Түркістанның бір кереметі, ол – «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені. Естеріңізде болса, 2021 жылы 10 сәуірде Түркістан қаласында Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің  ашылу рәсімі өтті. Инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы іске асырды, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталды. Нысан 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешенге Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі.  «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс.

– «Керуен Сарай» – тарихтың кілті. Адам бәрібір бабалар тарихын аңсап тұрады. Сол заманға бір оралғысы келеді. Тым құрыса бірер мезетке. Ежелгі баһадүрлермен қауышу, олар жасаған нығметтерді көзбен көру, олардың рухы мен құдіретін сезіну – бойыңа айырықша күш сыйлайтынын айтқызбай түсінесің. Міне, осындай ғажайыпты киелі Түркістанда, соның ішінде «Керуен Сарайға» барып сезінуге болады, – дейді белгілі журналист Абай Қазбекұлы.

Кешеннің маркетологы Беласар Есенбектің айтуынша, «Керуен Сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған. Төбесінен қарасаңыз тап солай. Кілттің ұшы (кешеннен шығып кететін тұсы) Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барып тіреледі. Яғни, турист сараймен толық танысып болған кезде тарихымыз туралы білім жиып, Ясауи бабамыздың кім болғанынан жеткілікті мағлұмат алады. Сөйтіп, әрі қарай мавзолейді аралауға рухани тұрғыдан дайын болады.

«Кешеннің кіре берісінде және шыға берісінде бесжұлдызды қонақүй орналасқан. Жалпы, кешеннің концепциясы мынадай: адам қыдырып келіп, қонақүйге орналасады, одан кейін су үстіндегі шоуды көреді, ол жерде «Қыз Жібек – Төлеген» фонтан шоуы қойылады. Одан шығып аттар шоуын көру үшін амфитеатрға барады. Одан бөлек түрлі концерттер бар. Сауда жасаймын дегендерге де ерекше жағдай жасалған. «Ұшатын театр» да адамға бұрын-соңды сезінбеген әсер сыйлайды. Бәрін аяқтаған соң мейрамханаға немесе фуд-кортқа барып тамақтана алады. «Керуен Сарай» кешенінің ерекшелігі – ескі тарихымызды жаңа заманауи технологиялармен үйлестіре отырып халыққа жаңа форматта көрсетеді», – дейді ол.

Altyn Samuryk «ұшатын театрының» ғажабын сөзбен сипаттап жеткізу тіпті қиын. Кешен ұйымдастырушылары бұл жобаны 8D соңғы технологиясымен жарақталған Орталық Азиядағы бірегей театр деп бағалайды. Арнайы креслоға отырған соң-ақ алтын самұрық сізді көне тарих тереңіне тартып әкетеді. Байырғы тарихи шаһарларды аралатып, одан заманауи Нұр-Сұлтан шаһарының төбесімен ұшырып, соңында түрік дүниесінің темірқазығына айналған Түркістан қаласына қайтып алып келеді.

Кешендегі шоуларды ұйымдастыру және дамыту бойынша жетекші Алексей Храменковтың айтуынша, аттар шоуы қойылатын «Арена» сарайы 1500 орынға лайықталып салынған.

Қазақстандағы ең үлкен LED экран да осы жерде қойылған. Аттар жаттығуды осы кешен ішінде жасайды. Барлығы да шетелден алдырылған жануарлар. Атқорадағы ат саны – 18. Аттар қойылымының жобасын франциялық каскадер және бапкер Марио Люраши жасап берген. Қазір Nomad каскадерлер тобы айналысады.

Көз тартар кешен құрылысына «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қолдау көрсеткен. Жоба құны – 87 млрд теңге.

«Соның ішінде инвесторлардың жеке қаржысы 47 млрд теңгені құрайды. Қазақстанның Даму Банкі 40 млрд теңге көлемінде қаржы құйды. Жоба 115 бөлмелі екі қонақүй, ойын-сауық орталығын салуды қамтыды. Қазіргі уақытта жоба сәтті жұмыс істеуде», – дейді Даму Банкінің Клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекцияның аға банкирі Серік Ахметов.

Туристерге қолайлы болу үшін кешен аумағында бірнеше электрокар жұмыс істейді. Әзірге «Керуен Сарай» кешенін толыққанды коммерциялық жоба деп атау қиын. Десе де Алексей Храменков жобаның тартымдылығын арттыру үшін жоспарымыз көп дейді. Өйткені Түркістандағы әулие-әмбиелердің басына тәу ету үшін келетін адам саны біршама. Енді соларды туристік нысандар мен жобаларға сәтті тарта білу қажет. Қазір қыс маусымы болғандықтан келушілердің қарасы қалың емес. Ал биыл жаз кезінде судағы шоуды көрудің өзіне сағатына 13 мың адам жиылған.

«Статистика бойынша негізінен бізге Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларынан және Түркістан облысының өзінен адамдар көп келеді. Шетелдік туристер – негізінен Түркия, Франция және басқа да Еуропа елдерінен келушілер. Қазақтың салт-дәстүріне қызығушылық танытқан қытайлық туристер де көп болды. Шетелдік туристер үшін біз үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) еркін сөйлей алатын гидтерді де дайындап қойдық. Түрік тілінде еркін сөйлесетін қызметкерлеріміз де бар. Маусымның қызған кезінде күніне 20 мыңға дейін адам келді», – дейді Беласар Есенбек.

Кешен туристер үшін тынығып, демалып, көңіл көтеретін мекен болса, кәсіпкерлер үшін – табыстың көзі. Әсіресе, жаз маусымы кезінде бұл жерде күніне мың доллардан асырып сауда жасауға болады. Беласар Есенбектің айтуынша, кешен ішінде ашық және жабық базарлар ұйымдастырылған. Ол жерде әр апта сайын әр ауданның кәсіпкерлері келіп, өз өнімдері мен тауарларын сатылымға шығара алады. Әрі бұл үшін олардан бір тиын ақы алынбайды.

Туристік орталық аумағын аралай жүріп әлемдік брендтердің сауда желілеріне бас сұғып, ұлттық тағамдар әзірленетін мейрамханалардан ас ішуге де болады. Наурыз айынан бастап естен кетпес әсерлі шоулар қайта басталмақ. Ойын-сауық жобаларының барлығы дерлік келушілердің ежелгі тарихпен, бабалар жолымен, қазақтың қасиетті салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында жасалған.

«Керуен сарай» үнемі мамыражай шуға бөленіп, керемет көңіл күй сыйлайды. Мұнда күнде қызу қарбалас, іс-шаралар жиі өтеді. Таяуда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйытқы болуымен Балалар жылына орай «Мейірімге толы жүрек» тақырыбында іс-шара өтті.

«Керуен сарай» көпфункцияналды кешенінде өткен шарада ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» РҚБ облыстық өкілдігі және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері бүлдіршіндерге мерекелік тарту жасап, қуаныш сыйлады.

Шара барысында балаларға көңілді демалыс кеші ұйымдастырылды. Түрлі ойындар мен балалардың ой және дене дамуын арттыратын тартысты сайыстар өтіп, балаларға сурет дәптер, сурет салуға арналған түрлі қаламсаптар мен шарлар үлестірілді.

Тәрбиелік мәні зор көңілді кеш ұйымдастырған «Қоғамдық келісім» КММ-не ата-аналар мен балалар алғысын айтып, ерекше көңіл күйде тарқасты.

Сонымен қатар бүгінде Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» кешенінен Түркістан халықаралық әуежайына дейін №20 жаңа қалаішілік қоғамдық көлік бағыты ашылды. Бағыттың жалпы ұзындығы 30 шақырым. Жол жүру уақыты – 50 минутты құрайды.  Жаңа №17 қоғамдық көліктері – Шипа су мен Түркістан автовокзалы аралығында қатынайды.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Г. Ахбердиева Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес өңірде ішкі және сыртқы туризмді дамыту, ке­лушілер мен туристер санын арт­тыру, салаға инвестиция тарту және өзге де міндеттер жүктел­генін айтады. Орындалуға тиіс міндеттер мен тапсырмалар және жоспарлар да аз емес. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес Түркістанда мереке күн­дері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, еліміз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Жыл соңына дейін әншілер мен жұлдызды топ­тардың қатысуымен 17 іс-ша­ра ұйымдастырылмақ. Үкімет бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы және «Керуен сараймен» іс-шаралар тізбесін пысықтауда. Іс-шаралар тамыз айында басталады деген жоспар бар. Биыл басқарма тарапынан өңірдің туризм саласын ілгерілетуге бағытталған Karavan Statue Street Art мүсін­дер фестивалі, Taiqazan гас­тро­фестивалі, «Батыр Батлс» фес­тивалі секілді жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Әділ Айтөре


ПІКІР ЖАЗУ