Өскеменде автобустар лық толы, көпір жетіспейді. Ал енді неге аспалы жол салынбақ?

Өскеменде билік жолдарды жеңілдетудің тосын тәсілін ойлап тапты – аспалы жол салмақ. Шенеуніктердің есебінше, “аспалы жол” жылына жеті миллионнан астам жолаушыны тасымалдап, тіпті қаланың көлік жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Алғашқы кезеңде ол Мемлекеттік рәміздер тауы мен Ертіс жағалауын жалғайды. Бірақ әкімдік туристік имидж бен даңғаза жобаларға басымдық беріп жатқанда, тұрғындар автобустардың лық толы екенін, ескіргенін, трамвайлардың жиі істемей қалатынын, ал Ертістен өтетін көпірлердің катастрофалық жетіспейтінін айтып шағымдануда. Мәселені BAQ.KZ тілшісі зерттеп көрді.
Арман мен шындықтың арасы
Қала әкімі Алмат Ақышов аспалы жол жобасын жобалау мен орнатуға маманданған шетелдік компания өкілдерімен кездесіп үлгерген. Идея инвестициялық жоба ретінде ұсынылған: бюджетке салмақ түсірмей, туризмді дамытуға ықпал ететін бастама ретінде. “Жоғарыдан” бұл заманауи қалаға қадам іспеттес көрінсе, “төменде” тұрғындар мүлде басқа шындықты сезінуде – кептелістер, қолайлы маршруттардың жоқтығы және қарбалас уақыттағы коллапс.
Азаматтық белсенді Роман Честныхтың айтуынша, Өскеменнің көлік стратегиясы иллюзияға негізделген.
Қала әлі күнге дейін көпірлердің жетіспеушілігінен көлік коллапсында отыр. Негізінен бүкіл қозғалыс Ертістегі жалғыз көпір арқылы жүреді. Бұл – бюджет ресурстарын алысқа көз жүгіртпей пайдалану мысалы. Шын мәнінде жолаушы ағыны жоқ бағытта аспалы жолды көлік жүйесінің бөлігі ретінде ұсыну – ақылға қонымсыз, – дейді ол.
Честныхтың пікірінше, Өскемен халық ағымына сай дамымай отыр. Негізгі жұмыс орындары солтүстік өнеркәсіптік торапта шоғырланғанымен, жобалар мен қаржы сол жағалауға бағытталған. Бұл жеке автокөлікке басымдық берілгенін, ал қоғамдық көлік деградацияға ұшырағанын көрсетеді. Автобустар лық толы, сұранысқа ие трамвай бағыттары жөндеуде тұр, Аблакетка сынды шет аудандар жылдар бойы дұрыс қозғалысқа қол жеткізе алмай келеді.
Қала ортасы да сын көтермейді
Жаяу жүргінші инфрақұрылымы жоқтың қасы: жолдар жөнделеді, бірақ тротуарлар ескерусіз қалады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қалада қозғалу мүлде қиын. Олар үшін көшелер бөгетті аймаққа айналған. Салдарынан мұндай адамдарды қалада сирек көресіз – өз ауласынан ұзап шыға алмайды. Инклюзивті орта мүлдем жоқ, бұл – жайлы қала құру тұрғысынан ең үлкен мәселе, – дейді Честных.
Сонымен қатар коммуналдық инфрақұрылым мәселесі де шешілмеген. Қала халықаралық қарыздарға белшесінен батса да, желілердің сапасы жақсармаған.
Бұл субъективті пікірім, бірақ мұнда сыбайлас жемқорлық бар екені анық: қаржы жұмсалады, бірақ жүйелі өзгеріс жоқ, – дейді белсенді.
Тұрғындарды аспалы жолдан гөрі алаңдататын мәселелер
Қоғам белсендісі Алексей Божковтың пікірінше, Өскеменнің басты проблемасы – жолдар мен онымен байланысты инфрақұрылым.
Асфальт сапасы өте нашар. Елдің басқа аймақтарында да мәселе бар шығар, бірақ Өскеменде ол ерекше байқалады. Шұңқырсыз жол сирек кездеседі. Жолдағы құдықтар міндетті түрде шұңқырлы болады, көлік қатты соғылады. Шұңқырды жамаған соң, орнына төмпешік пайда болып, көлікті секіртіп жібереді, – дейді ол.
Божковтың айтуынша, жол белгілері мен жол сызықтарының жағдайы бөлек әңгіме.
Жыл сайын бірнеше рет өтініш жазып, жоқ белгілерді орнатуды немесе қажетсізін алып тастауды сұраймыз. Жол сызықтары да мәңгі проблема: өшіп кеткен, дұрыс сызылмаған. Ал бағдаршам мәселесі тіпті қиын. Қажетті жерлер көп, бірақ орнатуға құлықсыз. Әр бағдаршамды сөзбе-сөз “сұрап алу” керек, – деп қосты ол.
Белсенді сондай-ақ көшелердің жарықтандырылмауына ерекше тоқталды.
Уақыт өзгерген соң бізде қараңғы ерте түседі. Бұл бірден апаттылықты арттырды. Көптеген жаяу жүргінші өткелдері қараңғыда қалады, балаларды қолынан жетектеп өткізуге тура келеді. Бағдаршамдар жоқ, реттелмейтін өткелдер көп. Оның үстіне, өткел маңындағы қалың бұталар көріністі жауып тастайды. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі өте өткір тұр, – дейді Алексей Божков.
Оның пікірінше, қала билігі үшін басты басымдық жолдар, жарықтандыру және қозғалысты ұйымдастыру болуы керек, ал аспалы жол – артық жоба.
Қала жалған болжамға құрылған ба?
Роман Честных мәселенің түбі қаланың қате қала құрылысы саясатында жатыр деп санайды. Бас жоспарға сәйкес, 10 жылдан соң Өскемен халқы екі есеге жуық өсуі керек. Алайда, шын мәнінде, бұл өсім демографиялық бумға емес, облыс аудандарынан көшу есебінен қамтамасыз етілуде.
Бұл – ресурстардың тым қымбат жобаларға жұмсалып жатқанын көрсетеді. Оның пайдасы тек жемқорлық тәуекелдері тұрғысынан ғана бар. Оның орнына облыстың басқа елді мекендерін дамытуға көңіл бөлу керек еді, – дейді ол.
Әкімдіктің уәжі
Әкімдік өкілдері аспалы жолды туризмді дамытуға бағытталған аймақтық мастер-жоспардың бір бөлігі деп отыр.
Аспалы жол тек қоғамдық көлік қана емес, демалыс орны әрі тұрғындар мен туристер үшін тартымды нысан бола алады. Туризмнің дамуы инвестиция тартуға, экономиканы көтеруге, қаланың және өңірдің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді қала әкімдігі Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Д. Қасымов.
Сонымен бірге, әкімдік жаңа көпірлер салынатынын мәлімдеді.
Қалада қазір бес көпір бар: Ертіс көпірі, Тогас – Пограничная көшелері тұсындағы көпір (Ертіс арқылы), Ульбин көпірі, Крылов көшесі тұсындағы көпір, Шәкәрім даңғылы – Мызы көшесі тұсындағы көпір. Бас жоспарға сәйкес тағы үш көпір салу жоспарланып отыр: Виноградов көшесі тұсында, Базовая көшесі – Пристань ауданы арасында және Новоявленка ауылы – әуежай ауданы тұсында, – деді әкімдік.
Аспалы жол туризмге арналған ақпараттық парақшалар үшін әсерлі жоба болуы мүмкін. Бірақ көпірлер, автобустар, жолдар мен жарықтандыру мәселесі шешілмейінше, бұл “болашақтың символы” қала тұрғындары үшін тек қымбат әшекей болып қала береді.