Түркістанда Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі өтіп жатыр

0
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Еуразиялық далалық өркениет: адам және тарихи-мәдени орта» атты Еуразия даласы археологиясының V халықаралық конгресі басталды.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Еуразиялық масштабтағы археологиялық форум әлемнің 28 елінің ғалымдары мен білікті мамандарының басын қосып отыр.
Алқалы жиынның пленарлық мәжілісі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бейне құттықтау сөзімен ашылды. Министр өз сөзінде келелі жиынның маңызына тоқталып, конгресс жұмысына табыс тіледі. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов сөз сөйлеп, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.
Пленарлық мәжілісті Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы тізгіндеп, модератор болды.
Университет ректоры Жанар Темірбекова бүгінгі конгрестің оқу орны үшін тарихи маңызын тілге тиек етті. 1996 жылы «Археология» ғылыми-зерттеу институтының негізі қаланғанын баяндап, институттың ширек ғасырлық тарихы мен бүгінгі жетістіктерін саралады.
Ректор өкілі, профессор Женгиз Томар өз сөзінде бүгінгі конгрестің тұтас Түркі әлемі үшін маңызды орынға ие екендігін баяндады.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, академик Бауыржан Байтанаев 2019 жылы Ресейдің Улан-Удэ қаласында өткен IV конгресте келесі басқосуды Қазақстанда өткізу туралы маңызды шешім қабылданғанын жеткізді. Маңызды шешім нәтижесінде бүгінгі Түркістан конгресі жүзеге асып отырғанын айрықша атап өтті. Сонымен қатар конгрестің ашылу салтанатында Өзбекстан мен Ресейдің білікті ғалымдары құттықтау сөз сөйлеп, келелі ойларын ортаға салды.
Үш күнге жоспарланған конгрестің басты мақсаты – аталған саладағы ғылыми қауымдастық өкілдерін бір арнаға тоғыстыра отырып, Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихының өзекті мәселелерін шешу үшін ой мен күшті біріктіру.
Конгресте Еуразия археологиясының бүгінгі өзекті іргелі мәселелері талқыланып, шешілу жолдары ұсынылады.
Конгреске отандық және шет елден (Әзірбайжан, Армения, Австралия, Болгария, Венгрия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Иран, Канада, Қытай, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Польша, Пәкістан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея, Жапония) келген жетекші ғалымдар қатысуда.
Екі жүзден астам маман үш күн бойы ерте металл археологиясы, ерте көшпелілер дәуірі, орта ғасырлық қалалар мен көшпелі мәдениет, Еуразия даласындағы көшпелі империялардың тарихы, өнердің дамуы, дүниетаным, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау, қорғау және археологиялық ашылулар тарихы сынды мәселелерді талқылайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ