Қала тазалығы аудан әкімінің назарында
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев қызметіне кіріскеннен кейін аудан орталығының тазалығын ретке келтіру мақсатында “Ленгір тазалық” коммуналдық мекемесін құруды тапсырып, мекеме Ленгір қаласы әкімі аппараты жанынан іске қосылды. Мекеме жұмысының негізгі бағыты – қала көшелеріндегі тазалыққа, ұқыптылыққа көңіл бөлуі қажет болатын.
Аудан басшысы бүгінгі жұмыс күнін аудан орталығы – Ленгір қаласының тазалығын, мекеме жұмысының нәтижесін қадағалаудан бастады. Қаланың бірнеше көшелері мен мөлтек аудандарын аралап, бірқатар кемшіліктерге қатысты қала әкімі Нұргелді Клушевке, мекеме басшысына тапсырмалар беріп, жұмысты ширатуды тапсырды. Мекеме басшысына қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлер, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейтінін, оның ажары оның тазалығы басты назарда болуы қажеттігін ескертті.
«Аудан орталығының аумағы кеңеюіне, қарыштап дамуына байланысты тазалық мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген. Ленгір қаласы аудан айнасы болғандықтан, тұрғындар қоршаған ортаны таза ұстауды өзінен бастауы қажет. Көшенің тазалығы, оның ұқыптылығы тұрғындардың мәдениеті пен талғамының белгісі деп білемін. Сондықтан, қала тазалығына үлкен жауапкершілікпен қарау басты міндетіміздің бірі дер едім» деді аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы өз сөзінде.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі