Арыс: ақсақал ауыл ішінен арнайы курс ашуды ұсынды

0

Арыс қаласына қарасты Байырқұм ауылында өткен әкімдік өкілдері мен жергілікті тұрғындардың кездесуінде ауылдағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақ Жасан ауыл шаруалығы саласына өте қажетті механизатор мамандарын даярлайтын арнайы курс ашу туралы ұсыныс айтты.

«Кезінде мектептің жоғары сыныбында техниканың тілін оқып, меңгерген жігіттеріміздің алды осы күндері қарттыққа қадам басты. Ал сол буынның соңын «заңды түрде» іліп әкетіп жатқандар өте аз. Солай десек те, қазіргі жастарымыз сол ауыл шаруашылығы саласында пайдаланылатын техникалардың «құлағында ойнайтыны» жасырын емес. Бірақ, көпшілігінің қолында құжаты жоқ. Себебі, құжатқа қол жеткізудің жолы күрделеніп кеткен. Осы мәселеге назар аударып, ауылдық жерлерде осы салаға қажетті маман дарялайтын арнайы курс ашуды қарастырсаңыздар», – деді ауыл қариясы.

Ақсақалдың мұндай ұсынысын құптаған Арыс қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы әрі қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық мәселені тиісті мекелерге жеткізетіндігін айтты.

«Сіз көтеріп отырған проблема өте орынды. Қазірі кезде мұнымен біз де бетпе-бет келіп отырмыз. Оған қоса өңірімізде су маманы мен ветеринарлар да тапшы. Ал енді осы түйіннің тарқатылуы үшін ата-аналар тарапынан да қолдау, көмек керегі сөзсіз. Балаларымыздың аталған салалардың қыр-сырын оқуына бағыт-бағдар бергеніміз жөн», – деді Ерғали Омарұлы.

Еске сала кетейік, бұл күндері Арыс қаласы әкімінің өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралап, тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында кездесулер өткізуде.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ