Арыс: тұрғындар медициналық қызмет мәселесін шешуді сұрады

0

Арыс қаласы әкімінің өкілдері мен дербес бөлім басшылары және сала мамандарынан құралған арнайы топ ауылдарды аралап, тұрғындармен ашық диалог құру мақсатында ұйымдастырылған кездесуде байырқұмдық азаматтар ауыл ішінен аурухана салып, медициналық жедел жәрдем қызметінің жедел жету мәселесін шешіп беруді сұрады.

Алайда, жиында бұл мәселені шешуге Арыс қалалық ауруханасының шамасы жетпейтіні айтылды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы қаулысына сай, медициналық жедел жәрдем бекетін ашу үшін ауыл халқының саны 5 мың болуы тиіс. Ал Байырқұм тұрғындарының саны бұл көрсеткішке жетпейді. Солай десек те, бұл ауыл Арыс қаласына едәуір қашық болғандықтан іргелес жатқан Көкжиде мен Жиделі ауылының тұрғындар санын қосып көрсетіп, медициналық шағын бекет ашып, емхана немесе 20 орындық аурухананы іске қосу тетіктерін қарастырудамыз. Сол мақсатта өз құзыретіміздің шеңберінде жоғары тұрған мекемелерге тиісті деңгейде хат жолдадық», – деді Арыс қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лесхан Исаев.

Айта кетейік, ашық пікір алмасу барысында тұрғындар тарапынан егіншілікке қатысты тыңайтқыштар мен түрлі дәрі-дәрмектерді жеңілдікпен алуға, ағын су мәселесін, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеуде ауыл әкімдігінің үйлестіру қызметін ширату жайлары айтылып, мамандар тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ