Аудан әкімі шаруашылық нысандарын аралады
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Бірінші Мамыр ауылдық округіне арнайы іс-сапармен барып, шаруалардың жай-күйімен танысты. Аудан басшысы өз тұрғын үйінің ауласынан шағын бассейн қазып, 10000-ға жуық балық өсіруді қолға кәсіпкермен тілдесіп, шаруашылықтың жағдайына көңіл бөлді.
Жеке кәсіпкер Наурыз Нурадов тауарлы балық өндіру ісін қолға алып, бұл мақсатта 0,13 га жерге 1200 шаршы метрді құрайтын бассейнде сазан, тұқы (карп) балықтарын өсіруде. Балық шаруашылығы кәсібіне 2 адам бейімделіп, тұрақты жұмыспен қамтылған. Ұсақ шабақтарды күтіп-баптау, өсіру ісімен айналысушы ауыл тұрғындары 140 мың теңге көлемінде жалақы алып отыр. Балық шаруашылығы кәсіпкер жыл соңына дейін 10 тонна өнім алуды жоспарлауда.
Аудан басшысы іс-сапар барысында «Болашақ нұры» өндіріс кооперативіне ат басын бұрып, сиыр сүтін өндіру ісін қолға алған мекеме жұмысымен танысты. 200 бас ірі қара мал, 75 бас Гольштейн тұқымды сауынды сиырды асырап отырған қожалық күніне бір тонна сүтті арнайы бекетке сақтап, оны тиісті орындарға өткізеді. 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, арнайы жалақы төлеп отыр.
Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолданып, 1,78 га аумаққа жылыжай тұрғызған «М-Нұрай» ЖШС-де жұмыс қарқынды жүруде. Елді мекеннің 15 тұрғыны жыл көлемінде қияр егумен айналысып, күніне 4 мың теңге жалақы алып отыр. Кәсіпкер жылыжай құрылысы үшін «Максимум АИО» ЖШС –і арқылы несие алып, кәсібін бастаған. Өнеркәсіптік үлгідегі жылыжайда бір жерден екі өнім алу әдісі қолданылады.
1972 жылы салынған Ұзынбұлақ су қоймасында сазан, мөңке балық, көксерке балықтарын өсіру ісі қолға алынған. Бұдан бөлек, қойма маңындағы 86 га жер суармалы жерлер қатарына еніп, онда мал азығын дайындау мақсатында жоңышқа егіледі. Қойма жаны бетондалып, қауіпсіздік шаралары толық сақталған. Су қоймасының жұмысымен танысқан аудан басшысы ауылдық округте көкөніс егу ісін жандандыру қажеттігін айтып, сала басшыларына оның мүмкіндіктерін зерделеуді тапсырды.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы округ аумағында шаруалармен кездесу барысында олардың кәсібімен танысып қана қоймай, мемлекет тарапынан қандай қолдау қажеттігін сұрады. Әр кәсіпкерді мұқият тыңдаған аудан басшысы олардың айтқан өтіштерін оңды шешуге ықпал ететінін айтты. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. «Елді мекендерге арнайы іс-сапармен шығудағы басты мақсат – күзгі жиын-терім науқанының барысымен, кәсіпкерлік нысандардың жай-күйімен танысып, туындаған мәселелердің оңтайлы шешілу жолдарын табу болып табылады», – деді аудан әкімі Төлеген Телғараев.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі