Аудан әкімі тамыз конференциясына қатысты

0

Бүгін аудандық Мәдениет үйінде “Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет” тақырыбында өткен тамыз кеңесіне қатыстым. Білім беру саласы мамандарының басқосуы педагогтар үшін жаңа оқу жылының басталуына тың серпіліс беретін дәстүрлі кездесу болып табылады.

Конференция алдында Мәдениет үйі фойесінде аудандық адами әлуетті дамыту бөлімі ұйымдастырған білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушыларының өнер, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері, педагогикалық және инновациялық, робототехникалық көрмесімен таныстым. Педагогикалық қауымдастықпен диалог орнатып, білім беру саласындағы проблемаларды, оның сапасын арттыру мәселелерін талқылау бағытындағы басқосуда ұстаздар қауымы Төлеби ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік төсбелгі, «Алғыс хат», аудандық мәслихат Грамотасымен марапатталды.

Тамыз кеңесінде білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту, білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру мәселелері сөз болды. Білім мен ғылым – адамды өркендеуге, дамуға жетелейтін алып күш болса, Жаңа Қазақстанның ең үлкен үміті мен ең басты тірегі – білімді ұрпақта. Сондықтан, ауданда білім беру мекемелерінің оқу-материалдық базасын нығайтуға үлкен мән берілуде. Аталған бағытқа бөлінген қаржы биылғы оқу жылына 16 млрд теңгені құрап отыр. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд. теңгеге өскен, яғни білім саласына деген көзқарас артуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында мектеп ғимараттарын жаңарту жұмыстары жүруде. Биылғы жылы 200 орындықты Қайнар, Ұйымшыл, №6 жалпы орта мектептерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Шомшақты, Тағайна мектептері мен Оқушылар үйінің құрылысы басталады. 10 мектепті күрделі жөндеуден өткізу қажет болса, 7 мектептің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мәдени жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Шағын ауылдың мектеп жасындағы тұрғындарының білім алуына жол ашу үшін мектепке тасымалдау ұйымдастырылуда. Жалпы, аудан бойынша 21 мектепке 2767 оқушы тасымалданады.

Ауданда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық танытып, олардың өмірде өз орнын табуына септігімізді тигізіп, қоғамдық істерге тарту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 105 азаматқа мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер берілді. Жыл соңына дейін осы санат бойынша қосымша 15 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Бұл игі іс аудан аумағында жалғасын табады.

Төлеби ауданы бойынша білім беру ұйымдарында 27795 оқушы білім алса, 2022-2023 оқу жылынаа 14 баспадан 114 380 дана оқулық және оқу әдістемелік кешен алынды. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекке мұқтаж 3234 баланы мектеп формасы мен қажетті кеңсе заттарымен қамтамасыз ету бағытында 2045-оқушының ата-аналарының есеп шоттарына қаржы аударылды. Ал, 1189 оқушыға республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында көмек беріледі.

Мектеп оқушыларының шығармашылығын шыңдап, ой-өрісін дамытып, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау үшін өзін-өзі дамытуға, шеберлікке үйрететін «Fablab» кабинеттерін ашу жоспарлануда. Жалпы, аудандағы 59 мектеп пән кабинеттерімен 59,3 пайызға жабдықталған. Жаңа жылдан бастап ұстаздар қауымының жалақысы 25 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Кеңес барысында ұстаздар қауымы жаңартылған білім бағдарламасы төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Білім беру саласы өскелең ұрпақтың бойында біліммен қатар өмірге, қоршаған дүниеге, іскерлік, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыратын басты құрал ретінде қарастырылуы тиіс. Қоғамдағы әрбір жаңашыл бастаманы жүргізу, қай заманда болмасын, ең алдымен ұстазға жүктеледі. Осыған орай, ұстаздар мен шәкіттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін.


ПІКІР ЖАЗУ