Кентау: Жандос Тасов спорт жеңімпаздарымен кездесті
Кентау қаласында бірқатар облыстық және республикалық, тіпті халықаралық айтулы жарыстарда көк туды желбіретіп жүрген спортшылар жетерлік.
Бүгін қала әкімі Жандос Тасов қаланың беделін арттырып жүрген спорт саңлақтарын қабылдады. Олардың арасында еркін күрес, каратэ до-шотокан, бокс спорт түрлерінің жеңімпаздары бар. Кездесу барысында спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, қаланың спорт саласының дамуына айрықша үлес қосып жүрген жаттықтырушыларға алғыс білдірді. Қала басшысы спортшыларға алғыс хаттар табыстады.
Жыл басынан бері қаланың спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда 24 алтын, 28 күміс, 19 қола медаль жеңіп алған.
Қаладағы бұқаралық спортты, ұлттық спортты дамыту бағытында кешенді жоспар жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, Кентау қаласында 4 БЖСМ, 1 Спорт клубы және 1 мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорт мектебі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде спорттың 16 түрі бойынша 4150 балалар мен жасөспірімдер шұғылдануда. Спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 39 530 адам, бұл жалпы халықтың 38,1 % пайызын құрайды. Жыл соңына дейін спортпен шұғылданушыларды 38,8% пайызға жеткізу көзделген.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі