Мақтаарал: тілдер мерекесі – ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастың дәнекері
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Мерекелі күнге орай Мақтаарал ауданында “Мәңгілік ел – мәртебелі тіл” атты мерекелік кеш өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова қатысып, аудан жұртшылығын Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтады. Алтын күнтуқызы ауданымызда жасайтын ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің бірлік пен ынтымақта өмір сүруінің дәнекері болып отырған ақсақалдарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, көпшілікті мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны жетік үйренуге шақырды. Сөзінің соңында бір топ тіл жанашырларын аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Мұнан соң ауданымыздағы славян, корей, әзербайжан, өзбек, тәжік этно- мәдени орталықтарының белсенді мүшелері де берекесі мен ынтымағы жарасқан Мақтаарал халқын мерекемен құтықтап, кеңпейіл қазақ халқына деген ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара барысында Отан туралы патриоттық әндер айтылды. Бишілер тобы қазақ, өзбек, ұйғыр халықтарының билерін мың бұрала билеп, көшіліктің көңілін көтерді. Бір топ аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Несіппек Айтұлының ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Аудандық кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған “Рух пен тіл” әні көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі