Қазығұрт аудан әкімі «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесімен құттықтады
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан қазақ ғылымының негізін қалаған ұлы ғалым, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысымен 5 қыркүйек «Қазақстан халқы тілдері күні» болып бекітілді. Тіл мерекесі біз үшін және еліміз үшін маңызды мерекелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да, мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. – деп атап көрсеткендей, Қазақстан өзінің тәуелсіздік туын тіккелі бері, мемлекеттік тілдің елімізде жүйелі түрде дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Ұлт ұстазының еңбектерін әлемнің түкпір-түкпіріндегі архивтерден іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу – тіл білімін, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіре түсуге жаңа мүмкіндіктер бермек.
«Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген қанатты сөз бекерге айтылмаса керек. Жас ұрпақтың ана тілімен бірге өзге тілдерді қоса меңгеруі Жаңа Қазақстанның халықаралық қатынастардағы қадамын кеңейтуге үлкен үлес қосары сөзсіз. Қазақ тілінің болашағы қашанда еліміз үшін аса маңызды. Мемлекеттік тілді дамыту жауапкершілігі – баршамыздың борышымыз.
Ардақты ағайын! Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» – деген екен. Осы мемлекеттік тіліміздің дамуына сүбелі үлес қосып еңбек етіп жүрген Қазығұрт ауданының тұрғындарын бүгінгі «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесімен тағыда шын жүректен құттықтап, баршаңызға бақ – береке еңбектеріңізге сәттілік тілеймін! Бүгінгі Тілдер мерекесі құтты болсын!
Еліміз тыныш, тіліміз тұғырлы болсын!
Ізгі тілекпен, аудан әкімі А.Абдуллаев