Отырар: аудан басшысы талаптылықтармен кездесті

0

Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Талапты ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Бұған дейін Талапты округі тұрғындарымен өткен кездесу жиынында 6 мәселе көтеріліп, күн тәртібіне енгізілген болатын. Бүгінде аталған мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, Көкмардан тұрғындары ауыл маңында Арыс өзені жағасындағы қоршалған жайылымдық жердің қоршауы алынып, ашылса деген ұсынысын жеткізген болатын. Ауыл тұрғындарының өтінішіне сәйкес Арыс жағасындағы жайылымдық жердің иесімен келісе отырып, қоршауы алынып, қазіргі таңда жайылымдық жер учаскесі  ашылды.

Ағымдағы жылы Көкмардан ауылындағы Бірлік және Болашақ көшелеріне аудандық бюджет есебінен асфальт төселсе, ауыл округінің жергілікті төртінші бюджет қаражаты есебінен Шытты ауылындағы 2  көшеге тас жол төселді. Қазіргі таңда, Ынталы ауылындағы тұрғын үйлерге ішкі газ жүйесін тарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 45 тұрғын үйге арнайы техникалық шарт алынып, монтаждау жұмыстары жасалып, 18 тұрғын үй табиғи газға қосылған. Сондай-ақ, Көкмардан, Шытты елді мекендеріне газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Талапты ауыл округі бойынша ағымдағы жылы 3580 га егіс егу жоспарланып, орындалуда. Биыл ауыл дихандары бірлесіп «Қазсушар» РМК-ның эксковаторымен «Көкмардан» каналының 3 шақырымы мен бас сағасынан 500 метр бөлігі механикалық тазалаудан өткізілді. Бұдан бөлек, КМ-1 каналының 5 шақырымы балдыр, қамыс, қоғадан тазартылды. Ағынсу тапшылығын жою үшін КМ-2 каналына «Берді», «Ратқұл» және «Комплекс» су айдайтын насостары қосылып, қазіргі таңда ағынсу тұрақты берілуде.

Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, кейбір мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, жайылымдық жер секілді мәселелер бойынша айтқан өтініштеріне заң аясында оң шешімін табуына қолдау көрсететінін жеткізді.


ПІКІР ЖАЗУ