Отырар: Ақындар балалар тақырыбын жырына арқау етті

0

Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осы орайда ауданымызда «Өмірдің  бір  қызығы  бала  деген» атты  жазба  ақындар  байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты жергілікті жазба ақындар арасында өлең жазуға бейімі бар дарынды тұлғаларды анықтау, сонымен қатар жас ақындардың шығармашылық дамуы мен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту болды.

Бүгін аудандық мәдениет сарайының кіші залында аталған байқаудың марапаттау рәсімі өтіп, жазба ақындар айтысының жеңімпаздары марапатталды. Шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде: «Қасиетті өлең – жырды ардақтап, оны өмірлік серігіне айналдырған ақындар аз емес. Сол сияқты біздің  қаламгер ақындарымыздың ізденіс арналары жарқын, көзқарастары айқын, көркемдік келісімі нұрлы боларына сенеміз. Биылғы балалар жылы аясында ұйымдастырылған жазба ақындар айтысында бала тәрбиесіне қатысты көптеген өзекті мәселелер қозғалып, жүйелі ойлар айтылды. Айтыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлерді ескеріп, назарға алатын боламыз. Бүгінгі байқауға белсене қатысқан ұшқыр ой мен қарымды қалам иелеріне шынайы алғысымды айта отырып, шығармашылық табыстар тілеймін!»-деді. 

Сондай-ақ аудандық «Отырар әдебиеті және өнері» бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр да сөз алып, қасиетті Отырар жерінде айтары бар, от ауызды ақындар шоғырының қалыптасып келе жатқанын тебіреніспен айтып, байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне ризашылығын жеткізді.

Айта кету керек ақындардың айтысы аудандық «Отырар алқабы» газетінде жарияланып, оқырман назарына ұсынылып отырды. Балалар тақырыбын өлеңіне арқау еткен жыр додасына республикалық, облыстық ақындар айтысында топ жарып жүрген қаламы жүйрік ақындармен бірге 16 ақын қатысып бақтарын сынады. Жазушы Сағындық Қыдыр, ұлағатты ұстаз Жұмакүл Нәлібаева, сазгер, аудандық спорт, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбайлар ақындардың өлеңдерін сараптап, оларға оң бағасын берді. Байқау нәтижесі бойынша республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегерлері Дәурен Полатбаев пен Дәурен Ақсақалов І орын иегерлері атанса, өзінің нәзік жырларымен көпшілікті сүйсінткен Раушан Мұратова мен Гауһар Жүсіпәлиева ІІ орынға лайықты деп танылды. Сондай-ақ Ғалымжан Сәрсеков пен Асқар Сапарбаев жазба ақындар айтысының ІІІ  иегерлері атанды. Айтысқа қатысқан өзге де ақындарға ынталандыру сыйлықтары табысталып, барлық ақындар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Марапаттау кеші одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары жергілікті ақындар мен сазгерлердің шығармашылығындағы  әндерді нақышына келтіре орындады.


ПІКІР ЖАЗУ