Отырар: ауданда дәстүрлі тамыз кеңесі өтті
Бүгін ауданымызда педагогика саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы өтті. Жиынға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, адами әлеуетті дамыту басқармасы тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жандос Маханбетов, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары, ардагер-ұстаздар қатысты. Тамыз кеңесінде білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жетістіктерді сараланып, жаңа оқу жылына арналған міндеттерді айқындалды.
Тамыз конференциясын аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов ашып, жүргізіп отырды.
Кеңес отырысында алғаш сөз алған аудан басшысы білім беру саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын, саладағы негізгі басым бағыттарды атап өтіп, алдағы жаңа оқу жылында педагогтарға сәттілік тіледі.
Ол өз сөзінде: «Биылғы, жаңа оқу жылындағы негізгі басымдық білім беру ұйымдарында ұлттық құндылықтар негізінде мектептің мәдени ортасын қалыптастыру болып отыр. Білім жүйесінің құндылықтары мен мақсатттары қазақтың менталитетін, ұлттық-тарихи дәстүрлерімен біріге отырып, өскелең ұрпақтың бойындағы бүкіл әлемдік мәдени сауаттылықты жетілдіруді қолға алуымыз қажет. Ұстаз — келер күннің ұстасы. Ендеше ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ. Баршаңызға шәкірт тәрбиелеуде зор табыстар тілеймін!»,-деді.
Конференцияда аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.
Атап өту керек, өткен оқу жылында ауданымыздағы білім беру ұйымдарындағы ҰБТ-ке қатысқан оқушы саны 648 болды. Оқушылардың тестілеудегі білім деңгейі жалпы орта балл — 70,85% құрады. ҰБТ-ның оңды нәтижесінде 301 бітіруші грант иегері атанды.
2022 жылдың 1 қыркүйек күні ауданымыздағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 12326 оқушымен, 2 мектептен тыс, 27 мектепке дейінгі мекемелермен жаңа оқу жылын бастағалы отыр.
Конференцияда мектеп директорлары мен ата-аналар пікірлерін білдіріп, білім саласындағы жетістіктерді сөз етті.
Кеңес барысында аудан әкімі Сәкен Асылханұлы жыл сайын жаңа оқу жылы алдында өткізілетін тамыз кеңесі ұстаздар үшін маңызды жиын екенін атап өтті. Сондай-ақ, білім саласының басшыларына жаңа оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптардың сақталуын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алатын барлық қызметті цифрландыруды, балалардың сапалы білім алуы үшін қажетті шараларды жасауды, білім беру ісіндегі өзге де жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды.