Отырар: АТА ЗАҢЫМ-АЙБАРЫМ атты салтанатты жиын өтті

0

Бүгін ауданымызда ҚР Конституциясының 27 жылдығына арналған  «Ата Заңым-айбарым» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға келген көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының фойесінде тақырып аясында арнайы қойылған аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесін тамашалады. Мұнан соң салтанатты шараның шымылдығы тарихи сахналық қойылыммен түрілді.

«Ақылы асқан әз Тәуке хан бұл дүниеден өтер кезінде «Қазақтың ұраны бірлік»-деп көзін жұмған екен. Ия, содан бұл неше ғасыр өтсе де, бұл өсиет қазақ халқының әлі де көкейтесті, саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани мәселелерін шешуде Қазақстанның күн тәртібінде тұрған мәселе. Шапса тұлпардың тұяғы сынатын, ұшса сұңқардың қанаты талатын Алтайдан Атырауға дейін созылған қазақ даласының  тұтастығы мен тәуелсіздігіміз үшін жан аямай тер төккен данышпан бабамыз әз Тәукенің қазақ халқына  сіңірген еңбегі, атқарған қызметі өлшеусіз. Ал, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанымыздың Ата заңы сол хандар құрған дала заңдарынан бастау алады»-дейді қойылым авторы.

Ия, көпшілікті жігерлендіріп, ерекше рух сыйлаған көріністен кейін аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов жиналған халықты мерейлі мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Ата Заңымыз Конституция егеменді еліміздің дербестігі мен саяси тұрақтылығын сипаттаған бірден-бір тарихи, әлеуметтік маңызы зор құжатқа айналды. Ата Заңның қағидаттарына сүйене отырып, аудан тұрғындарының тұрақты дамуына жағдай жасаймыз, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын қамтамасыз етуге ұмтыламыз. Бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналған Ата Заңымыз Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің тұғырына айналды. Әрбір азамат Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді»- деп айтып өтті.

Құттықтау сөзінен соң ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтар аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының алғыс хаттарымен марапатталды.

Жиын барысында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғани Құрманбеков баяндама жасап, өз сөзінде елімізді әлемнің маңдайалды мемлекеттерінің қатарына қосып, қарқынды дамытып, Қазақстанды қарыштап өркендете беру — біздің қастерлі де қасиетті борышымыз екенін тілге тиек етті.

Салтанатты шара одан әрі ауданымыздың мәдениет майталмандарының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.


ПІКІР ЖАЗУ