Отырар: жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі

0

Биылғы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ел күткен жағымды жаңалықтарға толы болды. Ендігі алда тұрған міндетіміз Президент нақтылап берген жоспарды бірлік пен берекеміз жарастырып, жүзеге асыру деп санаймын.

Сонымен, Президент Жаңа Жолдауда не айтты? Осыған тоқтала кетейін. Мемлекет басшысы «Әр отбасы елдің ұлттық байлықтарын пайдаланудан нақты игілік көруі керек» — деп балаларды қолдау шаралары мен еліміздің болашағы жастардың белсенділігін мәселесін сөз етті.

Расында да әрбір отбасының арманы баспаналы болу. Алайда бұған дейін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар үйлі болуды армандаған жастардың мүмкіндіктерін толық шешіп бере алмай келеді. Ал, Президент көтерген балалар жылындағы «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламасы бала болашағы үшін ғана емес елдің болашағы үшін жасалған батыл шешім деп айтар едім. Яғни, ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-ін балалардың жасы 18-ге толғанға дейін жеке шоттарына мерзімінен бұрын шешіп алу құқығынсыз аударып отыруды ұсынған Президенттің бастамасы іске асса, болашақта әрбір қазақстандықтың білім алуы мен баспаналы болуы үшін тиімді болмақ.

Бұдан бөлек Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді»-деп атап өтті.

Шындығында қазір жұмыссыз жүрген жастарға мұндай қолдаулар ауадай қажет-ақ. Бір кәсіпті бастасам деген азаматтар үшін жылдық өсімі төмен қаржылық қолдаулар көптеген бастамамаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік берер еді. 

Қорыта айтқанда «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай бүгінгі жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, оларға барынша жағдай жасалса кемел еліміздің келешегі жарқын болары анық деп ойлаймын. Сондықтан Президент Жолдауда айтқан міндеттерді бірлесіп іске асыруға шақырамын!

Азамат Досанов, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.


ПІКІР ЖАЗУ