Отырар: алғашқы қоңырау соғылды

0

Міне, жайдары жаз маусымын алмастырған алтын күздің алғашқы күні еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылады.

Еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өткен айтулы дата ауданымыздың іргелі Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбымен ерекше іс-шара өтті.

Әнұран қалықтап, көк туымыз көкте желбіреген салтанатты шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева қатысты.

Шара барысында аудан әкімі С.Сұлтанханов мектепке жаңа қадам басқан кішкентай шәкірттерге сәттілік тілей отырып, барша ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Барша адамзатқа ортақ бұл күн, білім мен парасаттың, ақыл мен ізгіліктің бастау алатын сәті десек те болады. Бұл сәт тек атаулы мереке ғана емес, еліміздің болашағын өсіп-өркендететін күннің бастамасы.

Кез-келген мамандық иелерінің алғашқы ұстазы Сіздерсіздер. Түрлі саланың білікті мамандары мектептен білім алған. Сондықтан да, елдің ертеңі – мемлекетшіл жастарды, ұлт болашағын тәрбиелеуде шаршамаңыздар. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, алдағы білім күнімен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, еңбекте табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» — деді.

Одан әрі аталған білім ордасының білікті басшысы Қадиша Қылышбаева өз құттықтауында ұжымның өткен оқу жылындағы жеткен жетістіктеріне тоқталып, алдағы уақыттарда да биіктерден көріну жолында игі жұмыстар атқарыла беретіндігін тілге тиек етті. Шарада мектеп табалдырығын аттап отырған бүлдіршіндердің орындауындағы «Менің Қазақстаным» атты флешмобы мен Жүнісбай Зеренің «Мектебім» атты әні көпшіліктің көңілінен шықты.

Бүгінгі шараның маңызды әрі ғажайып сәті күміс қоңыраудың соғылуы. Алғашқы қоңырау соғу құрметі жас бүлдіршін 1-сынып оқушылары Жаңабай Береке, Ұланқызы Гүлсая мен 11 сынып оқушылары Кежеханұлы Төрехан, Абай Дианаларға берілді.  Салтанатты шара соңында ата-аналар, ардагер ұстаздар, оқушылар мектеп ұжымына ыстық ықыласын білдіріп, білім күнімен құттықтады. Жиында мектеп оқушылары концерттік бағдарлама қойып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


ПІКІР ЖАЗУ