Түркістан: білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Түркістан облысы білім басқармасының кезекті аппарат жиыны өтті. Бұл басқосуға басқармадағы жауапты бөлім басшылары мен аудандар мен қалалардағы білім бөлімдерінің басшылары, колледж директорлары мен психологиялық-медициналық-педагогикалық (ПМПК) кеңес беру мекемелерінің басшылары қатысты.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. III тоқсандағы оқу процесінің басталуы, білім беру ұйымдарындағы жылыту маусымындағы жылу қазандықтарының техникалық талапқа сай болуы, қалыпты жұмыс істеуі пысықталды. Инклюзивті білім беру бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Облыстың бас ұстазы жауапты мамандардың баяндамасын тыңдап, өз бағыттары бойынша тапсырма берді.
– Демалыс күндері кезекшілік ұйымдастырылып, шұғыл шешімдер қабылданды. Жылыту қазандықтары тәулік бойы жұмыс істеп, температуралық режим сақталауын қадағалау керек. Бұл – балабақша, орта білім беру ұйымдары мен колледждерге қатысты мәселе, – деді Дінислам Болатханұлы.
Сондай-ақ аппарат жиналысында басқарма басшысы ұстаздар мен оқушыларды III тоқсанның басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі