Игерілмеген жердің иесі көп…

0

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  пайдаланылмай бос жатқан  немесе жекеменшікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма бергеніне де міне, бір жылдың жүзі болды. Осы аралықта облысымызда қандай жұмыстар атқарылды, Президент пәрмені қалай жүзеге асырылуда деген сұрақтарға жауап іздеп көргенбіз.

Өңірде жер заңнамаларын бұза отырып, заңсыз пайдаланылып жатқан жерлерді анықтау, жергілікті атқарушы органдардың қаулылары мен шешімдерінде кеткен кемшіліктерді анықтап, әкімшілік айыппұлдар салып, заң бұзушылықтарды жоюға нұсқамалар беру, негізсіз сатылған жерлерді сот арқылы мәжбүрлеп мемлекетке қайтару бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жұмыстары облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің міндетіне кіреді. Бұл бағытта пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында облыс әкімі Дархан Сатыбалды да аппарат отырысында тиісті басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеген-ді. Осыған орай  біз облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы – Бас мемлекеттік инспектор Алтынбек Мырзаевты әңгімеге тартып, біраз жайтқа қанықтық.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің шешіміне сәйкес Түркістан облысы бойынша пайдаланылмай бос жатқан немесе заңсыз пайдаланылып жатқан 500 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарланған.  Берілген тапсырмаға сәйкес, аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе отырып  521,7 мың гектар (518,6 мың га жайылым, 3,15 мың га  егістік) алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. Яғни жоспар артығымен орындалып отыр.

Жалпы, облыста 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860,4 мың гектарды құраған. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі проблема елді мекендердегі тұрғындардың малына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында болып отыр.

2021 жылы 174 ауылдық округтегі 841 елді мекенге талдау жасалынып, жайылым тапшылығы  3867,8 мың гектарды құраған.

Облыс бойынша ортақ жайылымның көлемі 748 мың гектар. 70 ауылдық округ (247 елді мекен) жайылыммен қамтамасыз етілсе, 2022 жылдың 1 қаңтарына жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектар болды.

Алайда,  Жетісай ( 383,6 мың гектар жайылымдық жер керек) және Мақтаарал (251,0 мың гектар жайылымдық жер қажет) аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрағандықтан, мұнда 2,2 мың гектар ғана  жайылымдық жер бар. Ал, Сайрам ауданына 471 гектар жайылымдық жер жетіспейді. Қазір  ауданның жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектарды ғана құрайды.

Сондықтан 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып,  42 ауылдық округті (164 елді мекен) ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген. Жыл соңында елді мекен тұрғындары 1034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді.   Соның өзінде бұл ауданда әлі де 2122,2 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді.

Департамент мамандарының тексеру жұмыстары барысында бірқатар заңсыздықтар анықталған. Айталық, Бәйдібек, Келес, Шардара аудандарында әкімдер тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы табыстау барысында заң талаптары сақталмаған. Бұдан бөлек, Төлеби, Сайрам, Сарыағаш, Бәйдібек аудандарында өндірістік кооператив мүшелерінің келісімінсіз осы ұжымға тиесілі жерлерді сатып жіберу, кооператив мүшелерін сырттай шығарып тастау, құрылыс нысандарын заңсыз салу әрекеттері тұрғындардың тиісті орындарға шағымдануларына түрткі болған.  Мұндай жанайқайлар Сайрам, («Қайнар Астық» ӨК), Төлеби, («Ақбұлақ» ӨК), Бәйдібек және Сарыағаш аудандарында кездесті.

Бізде жер қойнауларын заңсыз пайдаланушылар әлі де тыйылар емес. Айталық, бірқатар аудандарда ауыл шаруашылығына қарастырылған жерлерден тас, құм алып бүлдіріп тастайтындар әлі де бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге кірпіш зауытын салып алғандар да «бизнестерін дөңгелетіп отыр».

Сайрам ауданындағы Қарабұлақ елді мекенінде 1387 тұрғын үй, 27 мал қора, бір мал базары ауыл шаруашылығы жерлеріне салынған. Түлкібас ауданындағы Машат елді мекенінде де ауыл шаруашылығына бағытталған жерде мал базары қызып тұр. Арыс, Бәйдібек, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарында кәсіпкерлер өздеріне тиесілі жерлерді шарбақпен қоршаудың орнына  айналдыра ор қазып тастаған. Шардара, Мақтаарал, Жетісай аудандарында мақта зауыттарын кепілдікке қойып, несие алып, қайтара алмаған, соның ішінде несиелері қайтарылған шаруалардың да жерлері аукционда сатылып кеткен. Қараптан қарап отырып, жерінен айырылып қалған шаруалар Үкіметке дейін шағымданып, табандарынан тозып жүр.

Облысымызда табиғаты тамылжыған, демалыс орындарына қолайлы жер баршылық.  Бірақ, осы жерлерді де көзін жұмып сатып жібергендер бар болып шықты. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік. Айталық, Төлеби ауданында Біркөлік, Ақмешіт, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің қорғау аймақтарынан демалыс  орындарына жер учаскелері заңсыз берілген. Түркістан, Сауран, Сайрам аудандарында жалған шешімдермен жер учаскелері шүлен үлестірілгендей үлестіріліпті.

Әрине, мұның барлығы да жергілікті тұрғындардың шағым-арыздарынан соң анықталған  олқылықтар.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұмыстары биылдан бастап қолға алынған. Департамент пен аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру жүргізіліп, нәтижесінде 4386 жер пайдаланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталған. Мұндай жер пайдаланушылардың тізімін аудан қала әкімдеріне жолдай отырып, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бағытында жұмыстар жүргізу жөнінде нұсқамалар берілген.

Сонымен қатар, биыл Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланысты  ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның жүргізген космостық мониторингі бойынша 4543 жер пайдаланушының 560 801,6 гектар жерді пайдаланбай, босқа ұстап отырғаны анықталған. Олардың ішінде жүктемесі 20 пайыздан төмені 302 832,9 гектар немесе 54,2 пайыз.

Былтыр заңсыз табысталып, пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп, мемлекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз берілген. Соның ішінде  45 талап-арыз қанағаттандырылған. Демек, 4756,1 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 25 жер иесінің (Кентау – 1079 гектар, Келес – 290 гектар,Түлкібас  – 2415,8 гектар, Ордабасы – 868 гектар, Сайрам – 97 гектар, Мақтаарал – 1,7 гектар)  4751,6 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған.  Ал, қалған талап-арыздар қаралу үстінде.

Бұдан бөлек, аудан, қала әкімдіктерінде 123 конкурс өткізіліп, 66 663,4 гектар жер учаскесі жалға берілген. Соның ішінде  Бәйдібек, Шардара аудандары мен Кентау қаласында 31 жер учаскесін  (2742 га) заң талаптарын бұза отырып, табыстағандығы анықталған. Осы айғақтарға байланысты аудан, қала әкімдерінің қаулы, шешімдеріне  қатысты 13 тексеру жүргізіліп, 13 нұсқама беріліп, оның үшеуі орындалған. Екі нұсқама ӘҚБтК-тің 462-бабымен сотқа жолданған.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің қызметкерлері 93 тексеру  жүргізіп, 38 нұсқама берген. Аудан, қала әкімдіктері жер қатынастары бөлімдеріне  63  тексеру жүргізіп, 9 лауазымды тұлғаға 415,1 мың теңге айыппұл салынған. Олардың ішінде  конкурс, аукцион талаптарын бұзғандар, заң талаптарын бұза отырып, жеке тұрғын үй салуға рұқсат еткендер де бар. Бір іс мәжбүрлеп мемлекетке кері қайтару үшін сотта қаралып жатыр.

«Азаматтарға арналған Үкімет» МК АҚ-на қатысты 7 тексеру жүргізіліп, 6 нұсқама  беріліпті. Қайта бақылау, тексеру нәтижесінде нұсқаманы орындамағаны үшін 4 айғақ  бойынша ӘҚБтК-нің 462-бабымен әкімшілік айыппұл салынып, сотқа берілген. Жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтардан 1209 арыз-шағым түсіп,  72 тексеру тағайындалған. Арыз-шағымдарды талдау нәтижесінде 604 шағым  қанағаттандырылыпты.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне 2021-2022 жылдар аралығында келіп түскен  арыз-шағымдар негізінде аудан қала, ауыл әкімдіктеріне және аудандық жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғаларына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 137 және 462- баптары бойынша әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен бірге, келіп түскен арыз-шағымдар мен құқық қорғау органдарынан келіп түскен хаттардың негізінде лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Былтыр сәуір айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Премьер-министр Әлихан Смайыловқа заңсыз айналымдағы жер телімдерін мемлекетке қайтарып алу жөнінде арнайы комиссия құрып, жұмысты ашық  та әділ жүргізуді тапсырған болатын. Мұнан соң 2022 жылдың тамызында Мемлекет басшысы жер заңнамасының сақталуына тексеру жүргізуге мораторийдің күшін жоюды көздейтін Жарлыққа қол қойды. Содан бері комиссиялар жұмыс істеп келді. Рас, әлі де болса қолбайлаулар бары байқалады. Демек, жұмысты бұдан да ширата түскен жөн.  Иә, игерілмеген жерге еге керек.

Жер – халық қазынасы. Демек, оның игілігін халық көруі тиіс.


ПІКІР ЖАЗУ