Сарыағашта перинаталды орталық салынады

0

Сарыағаш қаласындағы бірнеше жылдан бері бос тұрған 13 көпқабатты тұрғын үй алдағы маусым айында пайдалануға беріледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен бұл үйлерге арналған автономиялық кәріз жүйесін жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен 134,7 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Оның барысымен танысу үшін облыс әкімі Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен келіп, жауапты сала басшыларымен кездесті, оларға нақты тапсырмалар жүктеді. 

– Біздің басты міндет – халыққа адал қызмет ету. Осы ұстанымды жақсы білген әкім бірінші орынға ел қамын ойлауды қояды. Басталған тірлік міндетті түрде аяқталуы тиіс. Оны созбалаңға салуға болмайды. Өңірімізде ауылдарды дамытуға басымдық беріледі. Халық тығыз оңтүстік аумақтың тұрғындары үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағашта заманауи перинаталды орталық салынады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен бой көтерген коммуналдық-арендалық тұрғын үйлер баспана кезегінде тұрған 585 отбасына беріледі. Үш айдан соң мұнда 3 мыңнан астам адам қоныстанады. Облыс басшысы аудан әкімдігіне үйлерді пайдалануға беруге дайындап, аулаларды абаттандыруды тапсырды.

 Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтеретін перинаталды орталықтың құрылысына қатысты дайындық жұмыстарын пысықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан өңіріне сапарында демографиялық өсімі жоғары аудандардың бірі Сарыағаш ауданынан перинаталды орталық салуды тапсырған болатын. Биыл орталықтың құрылыс жұмыстарына қажетті 8 гектар аумақ белгіленіп, облыстық құрылыс басқармасына сәулет-жоспарлау тапсырмасы ұсынылды.

Орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарына қаржы қаралып, нысанды салу жұмыстары басталады. Орталық құрылысы аяқталғаннан кейін Сарыағаш ауданының тұрғындарына және көршілес жатқан 5 ауданның тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер ұсынылатын болады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысын бақылап, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар биыл бірнеше ауданда заманауи Оқушылар сарайлары салынады.


ПІКІР ЖАЗУ