Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы кенеттен қызметінен кетті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент әкімдігіндегі кадрлық ауыс-түйіс жалғасып жатыр. Бүгін қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов орнын босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты әкімдіктегілер растады. Кенеттен қызметінен кету себебі белгісіз. Экс-шенеуніктің әріптестері Жолдасов кеше ғана жұмыс орнында болғанын, қызметінен кететіні туралы ештеңе демегенін айтты.
«Өте өкінішті. Ол талапшыл, өз ісін білетін жетекші болатын. Кеше ғана Дендросаябаққа айналмаға келді, ештеңе деген жоқ. Бүгін біз өзіміз оның кеткені туралы үшінші адамдардан естідік. Ол өте жақсы коммуналдық қызметкер, енді ғана бәрін бір жүйеге келтіріп еді. Кім жетекші болатыны әзірге белгісіз», — дейді Дендросаябақ директоры Гүлнар Сапарымбет.
Ержан Жолдасов 15 жылға жуық көлік саласында қызмет еткенін айта кетейік. Қызылорда облыстық, кейін Шымкент қалалық көліктік бақылау инспекциясын басқарды.
2020 жылдың қыркүйегінде әкім Мұрат Әйтеновтың бұйрығымен Жолдасов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарды.
2022 жылдың қазанында оны қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына дәл осындай қызметке ауыстырды, ал оның көлік ведомствосындағы орнына Мұхтар Қоқанбаев келіп, тағайындалғаннан соң бірнеше айдан кейін парамен ұсталды.
«Ержан Жолдасовтың аяқ асты қызметінен кетуіне қатысты сұрақ көп. Әкімдік әзірге оқиғаға пікір айтпады»,-делінген хабарламада.