Тергеу кезінде кінәсіз ауыл тұрғындарын азаптаған полицейлер сотталды

0

Түркістанда мал ұрлады деген күдіктілерді полиция ғимаратында қинаған тәртіп сақшыларына сот үкімі шықты. Алайда онымен   келіспеген сотталушылар судья үкімді оқып жатқан кезде қоршауды сындырып шығып, қарауылға шабуыл жасады.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың басында Сауран аудандық тәртіп сақшылары қос тұрғынды 2 қой ұрлады деген күдікпен құрықтаған еді. Сол кездегі полиция қызметкерлері тергеу барысында күдіктілерді ұрып-соғып, басына пакет кигізіп қинағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Осыдан бастап тексеріс жүргізіліп, сезіктілердің ұрлыққа қатысы жоқ екені дәлелденді. Кейін жәбірленушінің бірі өзін қорлаған 6 полицейдің үстінен арыз жазған. Қылмыстық іс тіркеліп, қызметтік тексеруден кейін полицейлер жұмыстарынан босатылды.

1 жылға созылған сот процесі аяқталып, кінәлі деп танылған бұрынғы 4 полиция қызметкері 4 жылға, ал 2-еуі 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын өтеп шыққан соң 3 жылға дейін құқық қорғау органдарынада жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар олар жәбірленушінің біріне 3 млн, екіншісіне 2,5 млн теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді.

«ҚР ҚК 146-бабының 2-бөлігі 1, 2 тармақтарында және 414-бабы 1-бөлігінде көздерген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу тағайындалсын»,-деді үкімді оқыған Түркістан қалалық сотының судьясы Абай Бекботаев.

Айта кетейік, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Ал шешіммен келіспеген сотталушылардың ата-аналары мен туыстары аппеляциялық шағым жазуға бел буып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ