Түркістан: Ақсақалдар қайырымдылық дүкенін ашты
Халықаралық қарттар күні қарсаңында Түркістанда қайырымдылық дүкені ашылды. Игі іске бастамашы болған облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бұл дүкеннің қызметін әлеуметтік қолдауға мұқтаж әр отбасы пайдалана алатынын мәлімдеді.
Сауапты істің басталуына қатысқан қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап:
— «Ауылыңда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең» дейді халық даналығы. Ел ішінде келісім мен бірліктің тұрақтауына сіңіріп жүрген еңбектеріңіз орасан. Біз өздеріңізден үлгі аламыз, өмір жолдарыңызды өнеге етеміз, — деп тілектестігін жеткізді.
Мерекелік іс-шараны сауапты іспен атқаруды жөн көрген қариялар 77 адамға азық-түлік үлестірді.
Облыс орталығында зейнеткерлерді қолдау бойынша жұмыстар жүйелі атқарылып келеді. Белсенді ұзақ өмір сұру орталығында медициналық, психологиялық, құқықтық, ағартушылық, еңбек және демалыс бағыттары бойынша қызметтер ұйымдастырылған.
Қалада 15 мыңға жуық зейнеткер бар. Орталық күнделікті 60-70 азаматқа қызмет көрсетуге бейімделген. Жыл басынан бері белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметіне 1284 зейнеткер жүгінген.