Шымкенттік полиция қызметкерлеріне 46 жаңа автокөліктің кілті табысталды

0

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков миллионнан астам тұрғынның қауіпсіздігін күзетуде жұмыс сапасын арттыра түсу мақсатында Полиция департаментіне 46 жаңа автокөліктің кілтін табыстады.

Салтанатты жиында қала әкімі арнайы сөз сөйледі.

 – Құрметті полиция және Ұлттық ұлан қызметкерлері! Бүгін біз ішкі істер органдары жеке құрамының жалпы гарнизондық саптық түзеуіне жиналып отырмыз. Қаламыздың тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғауда күндіз-түні аянбай еңбек етіп келесіздер. Қылмыс деңгейі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 35 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш сіздердің тікелей еңбектеріңіздің арқасында деп білеміз. Биыл Полиция департаментіне материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджет есебінен жалпы 4,5 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта да әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетіледі, – деді қала басшысы.

Сонымен қатар, қала әкімі тәртіп сақшыларын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, қаламыздың тыныштығын қамтамасыз етуде жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқаруға шақырды.

Іс-шара барысында қоғам қауіпсіздігін сақтауда елеулі еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлері қала әкімінің арнайы Алғыс хатымен марапатталды.


ПІКІР ЖАЗУ