Қазақстанда 6 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді

0

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас Қазақстан мен Еуропалық одақтың сауда-экономикалық қатынастарын нығайту жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астанада өткен кездесу аясында тараптар тауар айналымын ұлғайту, инвестициялар тарту, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, визалық режимді жеңілдету, өнеркәсіп кооперациясын ұлғайту және басқа да бірқатар мәселені қарастырды.

Үкімет басшысы Қазақстан Еуропалық одақпен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Бұл ретте Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы маңызды рөл атқарады.

Біз өзара сенім мен құрметке негізделген Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығын одан әрі кезең-кезеңмен дамытуды қолдаймыз, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр атап өткендей, ЕО – Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі. ЕО үлесіне сыртқы сауданың шамамен 30%-ы және тартылған инвестициялардың шамамен 40%-ы тиесілі.

Мәселен, өткен жылдың 11 айында тауар айналымы 5%-ға жуық өсіп, шамамен $38 млрд-қа жетті. 2022 жылы ЕО-дан Қазақстанға салынған инвестициялар көлемі $12,5 млрд-ты құрап, соңғы 10 жылдағы ең жоғары деңгейді көрсетті.

Бүгінде Қазақстанда 6 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді, оның 130-ы өткен жылы ғана қосылды. Бұл көрсеткіштер еуропалық серіктестерге экономикамыздың тұрақтылығы мен тартымдылығын көрсетеді. Еуропаның инвестициялық қоғамдастығын бірлескен жобаларға кеңінен қатысуға шақырамыз, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы өзара іс-қимылдың маңызды бағыты транзиттік көлік саласы екенін айтты. Бүгінде Қытайдан Еуропаға жіберілетін тауарлардың шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы тасымалданады. Атап айтқанда, өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында жүктерді ауыстырып-тиеу көлемі 65%-ға өсті. Орта мерзімді перспективада мұндағы жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Осы мақсатқа жету үшін Әзербайжанмен, Грузиямен және Түркиямен аталған бағыттың “тар жерлерін” жою бойынша жол карталарға қол қойылды. Сондай-ақ Қазақстанда теміржол, порт инфрақұрылымын жаңғырту, жылжымалы құрам мен сауда флотын ұлғайту бойынша бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Біз сондай-ақ жүк жөнелтушіге нақты уақыт режимінде өз жүктерінің қайда екенін көрсетуге мүмкіндік беретін ақпарат жүйелерін бір ретке келтіріп жатырмы, — деді Үкімет басшысы.

Өз тарапынан Еуропалық комиссияның вице-президенті Қазақстанның Еуропалық одақ үшін маңызды әріптес екенін атап өтті.

Қазақстанда ауқымды жаңғырту процестері жүріп жатқанын білеміз. Еуропалық одақ атынан Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі маңызды ойыншы етіп отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан реформалардың маңыздылығын атап өткім келеді, — деді Маргаритис Схинас.

Ол сондай-ақ Global Gateway бастамасы аясында өтетін Еуропа мен Орталық Азия арасындағы көлік қатынастарын тұрақты дамыту жөніндегі алдағы Инвесторлар форумының маңызын атап өтті. Оның жұмысына Қазақстан да қатысады.


ПІКІР ЖАЗУ