«Бейбітшілік пен өркендеу»: Тайваньның жаңа президенті АҚШ-пен ынтымақтастық туралы мәлімдеме жасады

0

Тайваньның жаңа президенті Лай Циндэ АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкеннің құттықтауына жауап қатып, Штаттармен бірігіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды. Энтони Блинкен X әлеуметтік желісіндегі микроблогында Циндэны додада жеңіске жетуімен құттықтаған. Лай Циндэ АҚШ мемхатшысына жауап берді. «Мемхатшы Блинкен, құттықтауыңызға рақмет. Тайвань мен АҚШ арасындағы серіктестік біздің ортақ құндылықтарымыз бен мүдделерімізге негізделген. АҚШ-тағы достарымызбен бірге жұмыс істей отырып, Тайвань Үнді-Тынық мұхиты аймағында демократияны, бейбітшілік пен өркендеуді одан әрі ілгерілетуге тырысады», — деп жазды Тайваньның жаңа президенті жауап ретінде. Тайваньдағы сайлау Таяуда Тайвань оппозициясы сенбіде өткен президенттік сайлауда жеңілгенін мойындаған. Бюллетеньдердің 98 пайызы бойынша санақта президенттік додада Уиллиам Лай жеңіске жетті (Лай Циндэ). Ол 40,2 пайыз дауыс жинады. 64 жастағы Уиллиам Лай (Лай Циндэ) билеуші Демократиялық прогрессив партияның атынан шыққан. Құрлықтағы Қытай билігі оны сепаратист деп атайды. Ол аралдың Бейжіңнен экономикалық тәуелділігін азайтуды және АҚШ-қа жақындауды қолдайды. Оның басты қарсыласы — Гоминдаң оппозициялық партиясының кандидаты Хоу Юи, ол керісінше, құрлықтағы Қытаймен жақындасуды жақтайды. Дауыстарды санау әлі де жалғасуда, бірақ Уиллиам Лай жақтастарының алдында жеңіске жеткенін мәлімдеп, сөз сөйлеген. Ресми қорытындылар бірнеше күннен кейін шығарылады. Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дың шетелдегі елшіліктері басқа елдердің басшыларын Лай Циндэге құттықтау жіберуден аулақ болуға шақырғанын жазған едік. Айта кетейік, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Тайваньдағы сайлау қорытындысына қатысты пікір білдірген. «Тайваньда өткен сайлауға байланысты Қазақстан Республикасы «бір Қытай» қағидатын табанды түрде қолдайтынын қайта мәлімдейді және Қытай Халық Республикасының үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет, ал Тайвань Қытай аумағының ажырамас бөлігі екенін растайды», — деп жазады СІМ баспасөз қызметі хабарламасында. Сондай-ақ ведомство өкілдері Қытай Халық Республикасы үкіметінің елді бейбіт жолмен біріктіру жолындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.


ПІКІР ЖАЗУ