Шымкент: қала әкімі инфрақұрылым жүйесіндегі мәселелердің шешімін қарастырды

0

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков инфрақұрылым жүйесіне байланысты мәселе туындаған бірқатар нысанға барды.

Аралау Қайнар бұлақ саяжайынан басталып, тұрғындар көгілдір отын мен сұйытылған газ бойынша мәселе көтерді. Бүгінде аталған елді мекенде табиғи газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, осы жылдың сәуір айынан бастап халық кезең-кезеңімен көгілдір отынға қол жеткізеді. Ал екінші мәселе негізінде әр аптада 3-4 рет қажеттілігінше сұйытылған газ толтырылатын болды.

Келесі кезекте Төлеметов көшесіндегі № 69 көпқабатты үйінің кәріз мәселесі қаралды. Қала әкімі жауаптыларға тұрғындар шағымы бойынша кемшілікті қайта қалпына келтіру үшін 1 апта уақыт берді. Сондай-ақ электр қуатының көп өшуіне байланысты мәселені реттеуді тапсырды.

Самал-3 шағын ауданындағы кәріз жүйесіне қосылмаған Алмалы бақ көшесінің тұрғындары дабыл қақты. Бұқара бұл мәселені көптен бері көтеріп жүрсе де, еш назар салынбағанын алға тартты. Қала әкімі жағдаймен танысқан соң, жауапты басшыларға кәріз жүйесін жүргізу үшін тиісті жұмыстарды атқаруды міндеттеді.

 Сонымен қатар, қала басшысы Қонаев даңғылындағы № 7 көпқабатты үйінің жылу мәселесімен танысты. Бұл ретте Пәтер иелері кооперативі өз жұмыстарын дұрыс атқармағаны белгілі болды. Шұғыл түрде Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылуды қалпына келтірді.

 Инфрақұрылым жүйесіне байланысты аралау Тәжібаев көшесінде қорытындыланды. Тұрғындар кәріз құбырын тарту мәселесін көтерді. Халықтың талап-тілегін тыңдаған қала әкімі бұл мәселені жан-жақты қарастыратынын жеткізді. Аталған жайт бойынша келесі аптаның сәрсенбі күнінде тиісті мамандармен арнайы жиналыс өткізіліп, талқыланатын болды.


ПІКІР ЖАЗУ