Шымкент: алғаш рет балалар ауруханасы кардиохирургияда эндоваскулярлы әдіспен ота жасалды
Қалалық Балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген 10 жастағы жасөспірім көгеру, ентікпе, жүрек соғысының жиілеуі және дем жетіспеушілігі, жалпы әлсіздікке шағымданған. Дәрігерлер пациенттің жағдайы бойынша консилиум өткізіп, «Өкпе артериясының стенозы» диагнозымен жедел түрде ангиохирургия бөлімшесіне жатқызды.
Интервенционды кардиолог дәрігер Рафик Байрамұлы, аритмолог дәрігер Ақжол Құрбанбайұлы, анестезиолог Бауыржан Асқарбекұлы жүрек қуысына катетеризация жасап, «өкпедегі тарылған жүрек артериясын кеңейту» отасын істеп шықты. Яғни, жоғары дәрежелі білікті медициналық көмек көрсетілді. Мұндай ота қалалық Балалар клиникалық ауруханасы кардиохирургияда алғаш рет жасалды. Ота 30 минутқа созылып, сәтті аяқталды.
Нәтижесінде, дәрігерлер науқастың жүрегіндегі сырқатқа дер кезінде ота жасап, ажалдан арашалап қалды. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы. Дәрігерлер науқасты үйіне шығаруға дайындап жатыр.