Бір вице-премьер, 3 министр, 29 депутат: Биліктегі қазақ әйелдері

0

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукенова биліктегі қазақ әйелдері мен гендерлік теңдік жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

20 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервінің форумына қатысты. Президент елімізде әділетті мемлекет пен инклюзивті қоғам құрылып жатқандығын, сондықтан мемлекеттік қызметте гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселесінің маңызды екендігін атап өтті. Менің мемлекеттік қызметтегі айтарлықтай тәжірибем әйелдерді бұл салаға тарту керектігін көрсетеді. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес, — деді Мемлекет басшысы.

“Гендерлік теңдік жоқ”

Зарема Шәукенованың айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметте ерлерге қарағанда әйелдер саны басым еді – 55,4%. Алайда, жалпы гендерлік теңдік жоқ. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің сандық артықшылығына қарамастан, мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдарда ерлер санының басым болуына бағдарланған. Сондықтан, Қазақстанда мемлекеттік қызметте әйелдердің саны көп болғанымен, сапалы тұрғыда ер адамдардың саны басым.

Біздің Президент саяси қызметкерлер арасында елеулі теңсіздік байқалатынына назар аударды, олардың 10%-дан кемін әйелдер құрайды. Расымен де, былтырдың басында саяси корпустағы стратегиялық даму бағыттарын анықтайтын әйел қызметкерлердің үлесі 8,1% ғана (726-ның 59-ы) болды. Бүгінде 30-ға жуық әйел мемлекетті басқару қызметінде жүр, — деп айтты сарапшы.

Олар кімдер:

  • Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова;
  • Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова;
  • Жоғарғы Аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова;
  • Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Алназарова;
  • Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева;
  • Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова;
  • тоғыз вице-министр;
  • үш аппарат басшысы
  • Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын тоғыз мемлекеттік органда әйелдер жоғары лауазымдарды атқарады.
  • Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде 29 әйел бар, бұл жалпы Мәжіліс депутаттарының 20%-ы.

Шетелде гендерлік теңдік сақталған ба?

БҰҰ мәліметтеріне сәйкес әйел министрлердің үлесі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Еуропа елдерінде екен. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша министрлер кабинеті мүшелерінің 22,8%-ын әйелдер құрады. Министрлер кабинетіндегі әйелдердің ең көп үлесі бар аймақтар Еуропа мен Солтүстік Америка (31,6%) және Латын Америкасы мен Кариб бассейні (30,1%).

13 елде, негізінен Еуропада, гендерлік тепе-теңдікке қол жеткізген үкіметтер бар, яғни кабинетке мүше әйелдердің 50 немесе одан да көп пайызы министрліктерді басқарады. Сонымен қатар министрлер кабинетіне мүше әйелдердің саны 40-тан 49,9%-ға дейінгі көрсеткішті құрайтын 17 ел бар, олардың тоғызы Еуропада орналасқан. Осылайша, Францияда — 55%, Швецияда – 52,2%, Норвегияда – 50%, Германияда – 43,8%, Финляндияда – 38,9%. Парламенттегі әйелдердің үлесі көш бастап тұрған елдердің қатарында Швеция – 43,6%, Финляндия – 41,5%, Норвегия – 39,6%, — деп айтты профессор Зарема Шәукенова.

ТМД елдерінің арасындағы алдыңғы қатарда тұрғандар – Молдова – 22,2%, Армения – 16,7%, Украина – 11,5%, Ресей – 10,3%.

Қазақстан 2030 жылға қарай басшы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл жоспарды мемлекеттік қызметте жүзеге асыруға қаншалықты мүмкіндік бар?

Тарихи тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызмет «ер адамның еншісіндегі іс» ретінде саналады. ХХ ғасырда әртүрлі елдердегі әйелдер біртіндеп шенеунік қызметіне араласа бастады, бұл бір жағынан олардың еңбек нарығына жаппай енуімен, ал екінші жағынан мемлекеттің әлеуметтік функцияларының өсуімен түсіндіріледі. Бір жағынан біз мемлекеттік қызметті феминизациялау процесін, яғни мемлекеттік қызметтегі әйелдер санының біртіндеп өсуін байқап отырмыз. 

Осылайша, статистикаға сәйкес 2010 жылдан бастап елімізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 3%-ға жуық артты. 

Сонымен қатар, біз мемлекеттік қызметтегі басшылардың емес қатардағы мамандар жағынан әйелдердің саны басым екенін көріп отырмыз, бұл мемлекеттік қызметтегі билік пен жоғары жауапкершілікті көбіне ерлерге, ал ұйымдастырушылық жұмыстар әйелдерге жүктелетіндігін көрсетеді.

Әйелдердің басшылық қызметпен айналысуына кедергі келтіретін әртүрлі әлеуметтік факторлардан басқа, үкіметтің белгілі бір салаларында, атап айтқанда әлеуметтік (білім беру және денсаулық сақтау) және мәдени салаларда олардың сегрегациясын тудыратын кедергілер де бар. Кең таралған стереотиптер бұл үрдістерді ер адамдардың бойындағы қатаңдық, беріктік, шешім қабылдаудағы батыл қасиеттеріне қарағанда әйелдердің бойындағы мейірімділік, өзгенің ырығына көну, ортақ келісімге келе білу сияқты ерекшеліктерімен байланыстырады. Зерттеулер көрсеткендей, әсіресе жұмысқа қабылдау және қызмет бойынша жоғарылауға қатысты шешім қабылдау барысында екі жыныстағы мемлекеттік қызметкерлерде де аталмыш стереотиптер бар, — деп айтты Шәукенова.

Оның айтуынша, ғалымдар аға буынның гендерлік көзқарастарына назар аударып, оны ашық және мақсатты түрде дискриминациямен немесе оларды мүлде елемеумен байланыстырады. 

Кейінгі ұрпақтың бойында бейсаналы түрдегі дискриминациямен сипатталатын гендерлік көзқарастар пайда болды. Олардың көзқарастары әйелдердікінен өзгеше. Әдетте олар мансаппен көтерілуді жоспарламайды, жоспарлаған күннің өзінде олардың бұл әрекетін әріптестері тым “әйелдің ісі” және көшбасшыға тән емес қасиет деп санайды немесе тым қатал және “әйелдің ісі емес” деген сынға алады.

Ресейлік зерттеулердің бірінде Ресейдегі әйелдерді мемлекеттік қызметте жоғарылатудың үш моделі көрсетілген және бұл жалпы посткеңестік елдерге де тән сипат: кәсіби деңгейі арқылы жоғарылау; үміткерлерді қызметке таныстары арқылы алу; мұрагерлік жолмен, яғни саяси мансапты отбасы мүшелері өзара бөліседі. Бұл әйелдердің билікке келуі кездейсоқтық, ал мансап жолында көтерілу әйелдердің алға қойған мақсаты мен күш-жігерінің нәтижесі емес, басшының және көбінесе ерлердің шешімі деген тұжырымға әкеледі.

Жоғарыда атап өтілгендей, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің бір ерекшелігі – мансаптық баспалдақтың төменгі және орта деңгейіне аса мән беріп, басшылық қызметке сирек араласуы.

Бұл жағдайды қандай факторлар анықтайды? Оның бірнеше түсіндірмелері болуы мүмкін:

  • дискриминация;
  • ерлер мен әйелдер функциялары туралы эссенциалистік көзқарастар;
  • конформизм және “бейімделгіш” стратегияны таңдау;
  • сәйкестік және артықшылық;
  • жұмыс және жұмыстан тыс уақыттың теңдігі.

“Әйелдерге мемлекеттік қызметте көтерілу қиын”

Әдетте ешкім дискриминация сөзін қолданғанды ұнатпайды. Мемлекеттік қызметте жыныстық белгісі бойынша дискриминация фактілерін анықтау өте қиын, әдетте, ол жайлы айтылмайды да және біздің қоғам оны тіпті “шығыстық” ділге сай емес деп санайды. Дегенмен, әйелдің міндетті түрде дүниеге сәби әкелетіні, кейін бала күтімі бойынша демалысқа шыққан соң, оны жұмыста алмастыру қажетілігі айқын. Әйелдің табиғатынан эмоционалды келетіні, еркекке қарағанда нашар басқаратыны жайлы эссенциалистік пайым кең таралған. Уақыт өте келе көптеген әйелдер бейімделу стратегиясын алға тартып, қоғамдағы әйелдер мен ерлердің “міндеттерін бөлісу мен жауапкершіліктеріне” қатысты гендерлік көзқарастарға негізделген ережелерді қабылдайды, — дейді Зарема Шәукенова.

Оның пікірінше, көбінесе әйелдер үшін жұмыс екінші орынға шығып, жеке өміріне көңіл аударуға мүмкіндік беретін ыңғайлы қызмет түрі ретінде қарастырылғанда жоғары білімнің арқасында туындайтын амбициялары басылып қалады. Осылайша, басшылық лауазымдарға формалды түрде ие болу мүмкіндігі болғанымен, әйелдерге мемлекеттік қызметте көтерілу қиынға соғады, өйткені олар қалыптасқан ескі көзқарастарға бейімделуге мәжбүр.

Бүгінгі таңда қоғамдағы “жұмыс істейтін ана” гендерлік келісімшарты бойынша әйелдер үйдегі міндеттер мен жұмысты да қатар алып жүру керек деп саналады. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтегі әйелдер әйел мен ер адам бойындағы қасиеттердің арасындағы тепе-теңдікті іздеуге мәжбүр, өйткені соңғысы олардың мәртебесі мен қызметкер ретіндегі құндылығын арттырса, ал біріншісі оларды өздерін әйел ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Мүмкін, сондықтан біздің қоғамда ерекше сипаттағы гендерлік стереотиптер жиі болады, мысалы, жас ер қызметкердің белгілі бір басшылық лауазымға тағайындалуы жайлы ақпарат жаңалықтар арнасына шықса, ол кімнің туысы екендігі немесе жас әйел тағайындалған болса, кімнің тоқалы екендігі жайлы сұрақтар халықты жиі “мазалайды”, — деді сарапшы.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында американдық футурологтар Дж.Насебит пен П.Ебурден ХХІ ғасырда қазіргі әлемнің келбетін анықтайтын он мегатрендті атап көрсетті. Солардың бірі — «әйелдердің билікке келуі». Олар былай деп жазды: «Үшінші мыңжылдықтың алғашқы онжылдығында біз балаларымызбен бірге ХХ ғасырдың екінші жартысына көз жүгіртіп, әйелдердің бизнес пен саясатқа араласпай, дауыс беру құқықтарының жоқ болғандығына таңданыспен қараймыз».

Отыз жылдан кейін бұл болжам орындала бастайды. 2023 жылы жарияланған ХПО (Халықаралық парламенттік одақ) және БҰҰ Әйелдер саясатындағы әйелдер картасына сәйкес, бүгінде бүкіл әлем бойынша маңызды саяси шешімдерді қабылдайтын лауазымды орындарда әйелдер саны көп. 

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 11,3% елдерде әйелдер басшылық қызметте, ал 9,8% елдерде әйелдер үкіметтерді басқарады. Бұл он жылдан астам уақыт бұрынғы 5,3% және 7,3% көрсеткішке қарағанда жоғары. Барлық аймақтардың ішінде Еуропада әйелдер басқаратын елдер көп.

“Әйелдерді басшылық қызметке тағайындау керек”

Әлемде ерлер мен әйелдердің саны шамамен тең. Алайда, 30 жасқа келгенде олардың арасындағы сандық алшақтық пайда болып, әйелдердің саны артады. Статистика бойынша басшы әйелдердің саны басым болу керек. Біз тәуекелге бел буып, әйелдерді басшылық қызметке тағайындауымыз тиіс. Сонымен қатар, таңдау жасанды емес, біліктілікке негізделген болуы қажет. Басшылық қызметке кәсіби, іскерлік және адамгершілік қасиеттерімен қатар, саяси тәжірибесі бар әйелдер тағайындалғаны абзал. Өйткені, арнайы әйелдерге арналған квоталарды қолдану арқылы әйелдер гендерлік саясатты жүзеге асыру үшін ғана тағайындалатын “менталды мүгедектер” емес, — дейді Шәукенова.

Норвегия сияқты көбіне басшылық қызметке әйелдерді тағайындайтын өзге де елдер квота жүйесін сәтті қолданады. Әлемдік тәжірибе бұл сұрақтың әлі де жауабын таппады. Бірақ, асқан күш-жігер мен зорлық-зомбылықсыз пайдалы әрі тиімді үрдіс орын алып жатыр. 

Егер әйелдердің жоғары лауазымды қызметті атқаруы тиімді болса, олардың саны арта түсуі қажет. Бүгінде көптеген зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғандай, әйел басқарған саланың тиімділігі артқан.

Иә, бүгінде жалпы әлемдік тренд бізде айтарлықтай тез қарқынды жүзеге асып жатпаған болар. Дегенмен, біз шешім қабылдау деңгейіндегі маңызды ресурстарды басқаруға әйелдерді көбірек тартуға бет бұрып жатырмыз және бұл басты нәрсе болып саналады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев мемлекеттік қызметтегі әйелдер туралы айта отырып, “олардың басшылық қызметте жұмыс істеуіне кеңірек мүмкіндік беру керектігін” ерекше атап көрсетті, — деп түсіндірді Зарема Шәукенова.


ПІКІР ЖАЗУ