Елордада туберкулезге қарсы күреске арналған флешмоб ұйымдастырылды
Бүгін елордадағы «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында туберкулезбен күрес тақырыбына арналған флешмоб ұйымдастырылды.
Осы іс-шара барысында Жастар денсаулық орталығы қатысып, орталыққа келген балалар арасында викторина, сонымен қатар фотосурет көрмесі өтті. Бұл акция қоғамның назарын осы ауруға аударуға, аурудың алдын алу туралы хабардар етуге бағытталған.
Мұнымен қоса, акция аясында қала тұрғындары мен қонақтарына флюорографиядан өту ұсынылды. Бұл ретте «Хан Шатыр» орталығының алдына жылжымалы флюорограф көлігі келді.
№9 емхананың рентген-лаборанты Ақерке Азмағамбетованың айтуынша, жылжымалы флюорограф қаланың әр түпкіріне барып, тұрғындарды тексеруден өткізіп жатыр.
«Бүгін «Хан Шатыр» алдына келдік. Мұндай жылжымалы кешен күніне 200-300 адамды қабылдай алады. Осындағы рентген жабдықтарының барлығы елімізде өндірілген. Құралдар жұмыс істеуге ыңғайлы. Шалғайдағы ауылдарға да баруға болады», — деді ол.
А. Азмағамбетова осындай акциялардың арқасында тұрғындардың денсаулығын тексеруге ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Мұндай іс-шаралардың пайдасы көп. Жұмыс күндері адамдар қызметінен босай алмайды және арнайы тексерілуге баруға мән бермей жатады. Мәселен, бүгін демалыс күні «Хан Шатыр» орталығына келген адамдар флюорографиядан өтіп жатыр. Емханаға бармағандар дәл қазір ақысыз негізде тексеріледі. Бүгін флюорографиядан өткендер тексеру нәтижесін біздің емханадан алады немесе осыны электронды нұсқада жібереміз. Атап айтқанда, адамдар флюорографияға жылына бір рет түсіп тұруы керек. Сонымен қатар кейбір мамандықтарда жылына екі рет түсу талап етіледі. Мәселен, менің кәсібім денсаулық сақтау саласында болғандықтан, жылына екі рет тексерілемін. Ауруын асқындырып алатын адамдар кездесіп жатады. Сондықтан бүгінгі акция аясында қала тұрғындарына туберкулездің қауіпті екенін түсіндіріп жатырмыз», — деді рентген-лаборант.
Естеріңізге сала кетейік, биылдың 24 ақпанында туберкулездің алдын алу айлығы басталды және ол 24 наурызға дейін жалғасады. Бұл айлық Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған.
Осыған байланысты айлық кезінде елордада кең ауқымды ақпараттық-ағарту акциясы өткізіліп жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындарға туберкулездің алғашқы белгілері туралы, уақтылы медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы, емдеу мен алдын алу шараларының тиімділігі туралы мәлімет беру.