ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨТІНІШ-ШАҒЫМ 26 %-ҒА АЗАЙДЫ
Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуы нәтижесінде 2020 жылы тұрғындардан 63 мыңнан астам өтініш түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға азайған. Ел алдындағы есептік кездесуін бастаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өткен жылды қорытындылап, жыл көшінде атқарылған жұмыстар туралы айтты. Қол жеткен жетістіктер мен алдағы айқын міндеттерді кеңінен баяндады. Өз есебінде Өмірзақ Шөкеев аймақ дамуының негізгі бағыттарына тоқталды. Пандемияға байланысты биыл есептік кездесу онлайн форматта, карантин талаптарына сай ұйымдастырылды.
«Әкімдердің халық алдында есеп беруі Елбасының Жарлығымен 2005 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жыл барысында өзім және орынбасарларым, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындарының өтініштері бойынша 3940 азаматтарды жеке қабылдап, нәтижесімен, елдің қажетті экономикалық әлеуметтік мәселелерін талқылап, шешу жолдарын қарастырдық»,-деген Өмірзақ Шөкеев 2020 жылдың қорытындысы бойынша халық алдында есеп беру кездесуін бастады.
Мемлекеттік мекемелердің халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың өтініштерін бір жерден шешу мақсатында, барлық аудан, қала орталықтарында «Фронт-офис» кеңселері ашылды. Басқармалар үйінің ғимаратында облыстық «Ашық әкімдік» кеңсесі өз жұмысын бастап, кеңседе 21 басқарманың және тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін 16 басқарманың жауапты қызметкерлері жұмыс жасайды. Нәтижесінде, тұрғындардың өтініш — шағымы 26% -ға азайды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға былтыр 24,4 млрд. теңге қаралды. Оның аясында 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты. Бүгінде облыстағы 100 мыңнан астам көпбалалы отбасы ай сайын жәрдемақы алады. 2020 жылы жоспарланған 50 мыңдай көпбалалы отбасының 39 мыңы атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп, оларға 14 млрд. теңгеге көмек тағайындалды. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 64,3%-ға кеміген.
Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік осал топтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жұмысынан айрылу салдарынан табысы төмендеген 880 мыңнан астам азаматқа жалпы соммасы 37,3 млрд. теңгеге 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер ұсынылды. 170 мыңға жуық 6-18 жас аралығындағы АӘК алушы балаларға, мүгедектер мен жұмыссыз азаматқа 3,7 млрд.теңгеге 5 567 теңге көлеміндегі өтемақы түрінде азық-түлік-тұрмыстық пакеттер берілді.
«Nur Otan» партиясының бастамасымен «Birgemiz» Қоғамдық қоры арқылы 38,9 мың азаматтқа 1,9 млрд. теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылып, нәтижесімен 500-ге жуық инфрақұрылымдық жобасын іске асыруға қаралған 110 млрд. теңге аясында 27 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Көрсетілген әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесі дағдарыс кезінде халықтың табысының күрт төмендемеуіне, жұмыссыздық деңгейін 5,2%-дан өспеуіне әсер етті.
«Жалпы, өткен жылы облыста халықтың өмір сапасын жақсарту, өңірдің әлеуметтік-экономикасын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жасалды, алдымызға іске асыруға тағы да көлемді міндеттер қойып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей облысымыз туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Сондықтан әлеуметтік сала басты назарда. Биыл 52,4 мың отбасына немесе 290 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек үшін 26,1 млрд. теңге бағытталады. 18 жасқа дейінгі балаларға жалпы сомасы 13,7 млрд. теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік пакет қаражаты бөлінеді. Мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламаларының орындалуын 85 %-ға жеткізу көзделген»,-деді облыс әкімі өз сөзінде.
Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпфункционалды концерт залында өтіп жатқан облыс әкімінің есептік кездесуі Түркістан облысы әкімдігінің YouTube каналы мен ресми сайтында және Facebook-парақшасында онлайн-режимде көрсетілуде. Бұдан өзге, барлық аудан, қалалардың тұрғындарына облыс әкіміне тікелей ұсыныс-пікірлерін білдіріп, сауалдарын қою мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Интерактивті онлайн-режимде қосылған халықтың өтінім-ұсыныстарына заң аясында жауап берілетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі