Алматы халқы Мұрат Әуезовті ақтық сапарға шығарып салды

0

 Қоштасу рәсімі М. Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жиналған қауым мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесін еске алды.

Мәдениеттанушының қазасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдаған. Көңіл айту хатын Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды.

Мемлекет басшысы Әуезовтің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айта келе, қоғам қайраткерінің ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға болғанын атап өтті. Сондай-ақ қазақ әдебиеті мен тарихын зерделеп, соңында өлшеусіз мол мұра қалдырғанын, еліміздің халықаралық дәрежегі беделін арттыруға зор үлес қосқанына тоқталып өтті. Кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі пен қадірлі есімі халқымыздың жадында мәңгі сақталатынын баяндаған.

Қаралы жиынға Үкімет мүшелері, қала әкімі, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері, Мұрат Әуезовтің туған-туыстары қатысты.

Халқымыздың аяулы перзенті Мұрат Әуезов жоқтың орнын толтырушы, шырақшы болды. Ол кісі қазақтың азаттығы үшін күресті. Мәскеуде оқып жүріп, студент кезінен қазақ мәдениетін дамытуға бағытталған «Жас тұлпар» мәдени-ағарту ұйымын құрды. Мәскеуде оқитын қазақ жастарының ұйымы болды. Тоталитарлық жүйенің өзінде қазақтың ішкі қарсылығын, озбыр жүйеге қарсылықты жүрекпен сезініп, қаншама қазақ жастарының басын біріктірді. Одан кейінде Тәуелсіздіктің елең-алаң «Невада – Семей» антиядролық қозғалысында вице-президенті, «Азамат» қозғалысының тең төрағасы болды. Ғалым ретінде ұлттық кітапхананы басқарды. Осының қай-қайсында болса да ізгілік, ішкі мәдениетінің жоғарылығы, мәдени құндылықтарын зерттеп, жүйелеуге көп еңбек етті, — дейді Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп.

Қоғам қайраткерінің шәкірттері Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесін еске алды.

Мен Мұрат Әуезовпен студент кезімнен 2003 жылдан бері араласамын. Ол кісі өзім іздеп барып танысып, білім көкжиегімді арттырған едім. Мұрат ағаның ойлау қабілеті, зияткерлігі шексіз. Қазақ халқының ұлттық коды болып табылатын этникалық құндылықтарымызды ең бірінші болып зерттеген еді. Шәкірттеріне, алдына келген адамдарға оң батасын беріп, ғылымға ден қоюды айтып отыратын еді, — дейді шәкірті Нұрдан Құлымжан.

Қоштасу рәсімінен кейін Мұрат Әуезов Кеңсай зиратына жерленді.


ПІКІР ЖАЗУ