Сарыағаш: аудан әкімі Арман Абдуллаев бүлдіршінді құтқарған азаматты марапаттады

0

Бүгін аудан басшысы  Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне қарасты Сіргелі елді мекенінің  тұрғыны  Диас Жарқынбекті арнайы қабылдап, көрсеткен  ерлігі үшін  алғыс хатпен  марапаттап, бағалы сыйлық табыстады.

— «Елдің атын ер шығарады»,– дейді дана халқымыз. Жас болса да, өз ісімен нағыз ер атанып, ауданның абыройын асқақтатып, атын шығарып жүрген азаматтар арамызда бар екені қуантарлық жағдай. Азаматтық борышыңызды атқаруда батылдық көрсетіп, адам өміріне қатер төнгенде шұғыл шешім қабылдап, Махан Нұрай Тұржанқызына жедел көмек көрсетіп, құтқарып қалғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Сындарлы сәтте қырағылық танытып, тез арада көмек қолын созып,  ерлік жасадыңыз. Осындай ізгі адамгершілік қасиетіңіз бен ерлік ісіңіз бүгінгі жастарға үлгі өнеге. Қырағылық пен ержүректікке баулып өсірген ата-анаңызға да ризашылығымыз шексіз.  Сізге және отбасыңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат және бейбіт өмір тілеймін,-деді аудан әкімі.

Айта кетсек, Д. Жарқынбек Сіргелі елді мекенінің М.Мамаев көшесіндегі  көрші үйдің дәретханасына  түсіп кеткен 5 жасар  Н. Маханды  құтқарып қалған. Қазіргі таңда, бүлдіршіннің жағдайы жақсы, көше тұрғындары да Д. Жарқынбекке өз ризашылықтарын білдіруде.

Осы ретте, ауыл тұрғындарына  сақтық шараларын сақтап, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеміз.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ