Кентау: Байылдыр ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады

0

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов кезекті кездесуін қалаға қарасты Байылдыр ауылында жалғастырды. Алдымен ауылдағы ісін жаңа бастауға бет алған шаруақожалықтың жұмыс барысымен танысты. Шаруақожалық қора-жай салуды бастаған. Ол жерге жылқы өсіріп, ет өнімімен айналысуды қолға алмақ.

Кәсіп иесі шаруашылық орналасқан аймаққа жол мен электр жарығының қажеттілігін сұрады. Қала басшысы ол бойынша ауыл әкіміне жоспарын жасап, жүзеге асыру бойынша жобаға енгізуді тапсырды. Ауылдың әлеуетін көтеруге бағыттайтын шаруашылықтарға барынша қолдау көрсетуіміз қажет деді.

Ашық аспан аясында ауыл тұрғындарымен кездесіп, өтініш-талаптарын тыңдады. Тұрғындар тарапынан коммуналдық салаға қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Одан бөлек жол және ауылға газ әкелу жайы да қозғалды. Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы аталған ауылға биыл газ құбырын әкелу, ішкі орам жұмыстарын жалғастыру құрылысы жалғасатынын мәлімдеді. Осы сәтке дейін Байылдыр ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2690 м жоғарғы қысымды газ құбыры тартылған.

Одан бөлек, ауылдың 4 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары мен 4 көшесіне аяқ жолдар салынады. Бұл құрылыс жұмыстары «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Кездесуге ауыл тұрғындарынан бөлек, әр салаға жауапты сала басшылары мен мекеме басшылары қатысты.

Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ