Отбасы – әлеуметтік институт, согдықтан «Даналық мектебін» жаңғырту керек

0

Сараш Қоңырбаева, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты:

— Қоғамды дамыту, алға қарай ілгерлету отбасынан басталады. «Отбасы – әлеуметтік институт» деп айтып жүрміз. Әрине отбасының  қоғамда атқаратын өзіндік функциясы бар. Ал біз бүгін отбасылық құндылықтарды нығайтуда дұрыс бағыттамыз ба? Тарқатып айтатын болсақ, қазіргі ата-әжелер өздерінен кейінгі ұрпаққа беретін ұлттық құндылықтарды бере алмай қалды. Қазір жас буын мен ересектер арасында жер мен көктей алшақтық байқалады. Демек біздің аталарымыз бен әжелеріміз отбасыны тәрбиелейтін өзіндік рөлінен айырылып қалды деп  ойлаймын. Бұрын қалай еді. Үлкен кісілердің сөзі өтімді, тәлім-тәрбиенің бастауын қазыналы қарттарымыз беретін. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Даналық мектебін» құрдық. Елімізге белгілі педагогика ғылымының ғалымдары бірлесіп  қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтуды насихаттауда бірнеше кездесу мен іс-шаралар өткіздік.

«Даналық мектебі» арқылы оқушылар мен студенттерге ғылыми-әдістемелік тұрғыдан көп күш жұмсалуда. Бұл дегеніміз бабалар ізін жалғап, келер ұрпаққа ұлтымыздың рухани құндылықтарын, бай тәлім-тәрбиесін дәріптеу. Халқымыздың айрықша даналық мектебін бүгінгі заманның балаларына түсіндіру. Бүгінде адамзатқа тән құндылықтардың бәрі әр отбасы үшін маңызы зор дүние. Отбасын құру, өмірге сәби әкелу, оны өсіріп тәрбиелеу, оқыту, тоқыту, маман ретінде қатарға қосу, немере сүю сияқты бір-бірімен сабақтаса беретін құндылықтарды білеміз. Қазір мемлекетіміз отбасыны нығайтуға, отбасының әлеуметі мен әлеуетін арттыруға күш салып жатыр.

Әлеуметтік,экономикалық жағынан барынша қолдау көрсетуге бағытталған бағдарламалар жасалуда. Дегенмен материалдық жағынан қолдауды  талап ететін отбасылар бар. Одан бөлек қазір жас көріну тенденциясы пайда болды. Мысалы менің қатарластарым қартайғысы келмейді. Өздерін «әже» деп айтқызбауға тырысады. Бірақ жас көрінудің бақыт әкелмейтінін түсінбейді. Уақытты мойындап, кейінгі ұрпағына жасына сай тәрбие мен тәлімін көрсеткісі келмейді. Осындай дүниелерді көрген кезде бұрынғы ата мен әженің мектебінен алыстағаныңды сезесің.  Дегенмен бұлай отыра беруге болмайды, педагог маманы болғандықтан жастарға пайдамыздың тигенін қалаймыз. Отбасындағы әкенің рөлі, ананың рөлі әр отбасы өз құндылықтарын білуі тиіс. Қазір ғаламтордың дамыған заманы, ақпарат көзі ашық. Осыған сай көкірегі ояу, білімді де білікті жастарымыз өсіп келеді. Жастарымызға рухани құндылықтарымызды дәріптеу, халқымыздың салт-санасын түсіндіру жолында  нақты бастамалар бар.


ПІКІР ЖАЗУ