Түркістан облысы әкімінің орынбасары зиялы қауым өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев зиялы қауым өкілдерімен кездесті. «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен басқосуға ел ағалары, қоғам қайраткерлері, мәдениет және өнер майталмандары, спорт ардагерлері, тарихшы-ғалымдар, этнографтар, ақын-жазушылар, дінтанушылар және БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары көпшілікке алғысын жеткізді.
– Өңіріміздің мәдени-рухани өмірінде өзіндік орны бар қаламгерлерді, зиялы қауым өкілдерін осында жинап отырмыз. Бұл жай кездесу емес, сіздерді қызықтырған және маңызды деп танылған тақырыптар талқыға түсетін кездесу. Алдағы уақытта қолдауларыңызбен жастарға бірлесе тәрбие беру. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуымен бірге руханият саласын да дамытуды тапсырды. Бұл ретте сіздердің де ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды. Жалпы мәдениет, жастар мен дін саласы қарқынды дамып жатыр. Облыс құрылғалы көп серпіліс болды. Индустриялық тұрғыдан ғана емес, руханият жағынан да қатар дамуымыз керек, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Кездесуді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев жүргізіп отырды. Басқосудың мақсаты – зиялы қауым деп танылған өнегелі азаматтармен дидарласа отырып, облыстың идеологиялық саладағы даму деңгейін айқындайтын ой-пікірлер мен ұсыныстарды тыңдау.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде дамыту жөніндегі преспективалары жайлы, өңірдің рухани әлеуетін ілгерілету жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Рухани бағытта өткен кездесуде жұмысты бірлесе атқаруға келісіп, ынтымақта тарқасты.