Сайрам: халық саны артқан ауданындағы құрылыс нысандарының тізімі тағы бір мөлтек ауданмен толығады
Халық саны артқан Сайрам ауданындағы құрылыс нысандарының тізімі тағы бір мөлтек ауданмен толығады. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен өткен жиында Қарасу ауылындағы 57 га аумақта құрылысы жоспарланған нысандар жайлы мәселелер кеңінен талқыланды.
Мәжіліс барысында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алибжан Ибрагимов жаңадан құрылатын қалашықта жүзеге асатын жоспарлармен бөлісті. Жалпы 12 мыңға жуық адам қоныстанатын жаңа мөлтек ауданда 5 қабатты 49 тұрғын үй, арендалық – 20 дана көпқабатты үй, ипотекалық – 15 дана көпқабатты үй, инвесторлар есебінен – 14 дана көпқабатты үй салу жоспарлануда. Бүгінде «МПК-Проект» ЖШС бас мердігер мекемесі тарапынан инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттары дайын. Нәтижесінде, 11 мыңнан аса адам баспанамен қамтамасыз етілетін болады.
Сондай-ақ, тұрғын үйлерден бөлек, 280 орындық бір балабақша, 1 мешіт, 7 коммерциялық нысан, 1 мәдениет үйі, 1 «Жастар» сарайы, 1 әкімдік ғимараты, 1 сауда орталығы, 250 орындық поликлиника, 1200 орындық мектеп, тазалау қондырғылары мен тазалау насостық станциясы, электр қосалқы станциясы мен саябақ құрылыстары жүргізілетінін жеткізді.
Айта кетейік, мөлтек ауданның құрылысы 2028 жылы аяқталады деп күтілуде.
Жиын соңында аудан әкімі жауапты сала басшыларына инфрақұрылымдық жүйелерді жоспарға сәйкес жүргізу керектігін тапсырды. Бұдан бөлек, тиісті мердігер мекеме басшысы тарапынан атқарылатын нысанды сапалы әрі уақытылы тапсыру жұмыстарын бақылауға алатынын айтты.