Starlink интернеті Қазақстан пойыздарында сынақтан өтті

Қазақстанда жолаушылар пойыздарында интернет сапасын жақсарту бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Астана – Бурабай бағытындағы пойызда Starlink спутниктік байланысы қолданылған жоба іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, пилоттық жобаның нәтижелеріне қарай интернет қызметін өзге бағыттарда да кеңінен қолдану мәселесі қаралады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мен «Jusan Mobile» компаниясы пойыздарда интернетті тестілеу жұмыстарын аяқтады. Жобада OneWeb спутниктеріне бейімделген мультимедиялық қызметтерге арналған арнайы жабдық қолданылды. Тестілеу Talgo-ның №3/4 және №67/68 пойыздарында жүргізілді. Байланыс жылдамдығы 100 Мбит/с дейін жетіп, кідіріс 70 мс-тан аспады. Сонымен қатар Астана – Бурабай бағыты бойынша Starlink жүйесімен пилоттық жоба іске қосылды, – деді министр.
Министрлік жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, жоғары жылдамдықты интернетпен қамту географиясын кеңейтуді көздеп отыр.