Атыраулықтар жарық бағасының тағы өсетініне наразы

0

 Келер айда Атырау қаласында жарық бағасы тағы да өседі. Жеке тұлғалар да, кәсіпкерлер де электр энергиясы үшін әлдеқайда жоғары төлем жасайтын болады. Бірақ тұрғындар осы тақырыпқа қатысты өткен қоғамдық тыңдауда жарық құнының жиі көтерілетінін айтып, наразылық білдірді. Бұл өзгерістің өзге салаларға да әсері болатынын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Соңғы рет Атырауда жарық құны былтырғы жылдың аяғында, яғни 2024 жылдың желтоқсан айында қымбаттаған. Алдағы қыркүйектен бастап баға тағы өспек. Қоғамдық тыңдауға қатысқандардың бірі жергілікті кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова. Қала ішінде шағын азық-түлік дүкені бар тұрғын былтыр жарық бағасы үшін ай сайын 150 мың теңгеден төлеп келген. Биыл баға әлдеқайда өсіп, коммуналдық төлемнің бұл түріне 200-250 мың теңге жұмсайды екен. Енді жарық бағасы тағы көтерілсе, жағдай тіптен қиындайды деп отыр. 

Шағын азық-түлік дүкенінің иесімін. Жалғыз өзімнің емес, дәл мен сияқты бір дүкенге қарап отырған шағын кәсіп иелерінің атынан сөйлеп тұрмын. Төлем құны жыл сайын көтеріліп жатыр. Тіпті соңғы бір жылды алатын болса, екі рет көтеріліп тұр сонда. Негізі бізге бұған дейін жиналыс өткізген кезде, болды енді кәсіпкерлер үшін жарық бағасын көтермейміз, әзірге қалыпты болады деп уәде берген болатын. Ол жиналыста осы облыстың атқарушы билігі өкілдері де болды. Соған сеніп, үміттендік. Енді міне тағы көтермекші. Мен оған қарсымын. Атырау тариф бағасы ең қымбат өңірлер қатарына кіреді. Жеке адамдар емес, жарық үшін кәсіпкерлер көп төлейді. Бұл дұрыс емес, — дейді кәсіпкер Ләззат Досмағамбетова. 

Бизнес иесі тарифтің өсуі кәсіпкерлерден бөлек, қарапайым тұрғындарға кесірін тигізетінін айтады. Олар үшін де электр энергиясының бағасы көтеріліп қоймай, бұл азық-түлік бағасының аспандауына әкеліп соғады дейді.

Әлеуметтік маңызы бар тамақтың түрі бар ғой, оған біз үстіне 15 пайыз ғана қосамыз. Артық қоспаймыз. Бірақ бұлай жалғаса берсе өзіміз шығынға батамыз. Пайда көрмейміз. Өзге жақтардан алдыратын азық-түлігіміз бар. Тамақтың бағасы өседі деген сөз. Қосуға мәжбүр боламыз біз. Өйтпесек болмайды. Ал ол бірінші кезекте тұрғындардың қалтасына соққы болады, — деді Л. Досмағамбетова. 

Қоғамдық тыңдауға жиналған өзге белсенділер мен тұрғындар да бұл өзгеріске қарсы екенін айтып, шу шығарды. Бірақ монополистердің өз айтары бар. Бірыңғай сатып алушы 

Ресейден сатып алатын электр энергиясының бағасы қымбаттады. Бірыңғай сатып алушының да бағасы өсті. Қызмет құны да көтерілді, соған байланысты біз жарық бағасын көтеруге ұсыныс бердік. Былтыр бізде 15 теңгеден бекітіліп тұрды. Биыл мына соңғы хаттама бойынша көктемде 24 теңге болды киловаты. Қазір мына шілде айында 27-28 теңге болды. Сонда былтырғыға қарағанда бірталайға дейін өсті бұл баға. Қазір жауапты департаментке ұсынысты беріп жатырмыз. Жеке тұлғаларға бұған дейін 17 теңге болса, енді біздің сұрап отырғанымыз 22 теңгеге көтеру. Заңды тұлғаларға 45 теңгеге дейін көтеруді сұрап отырмын. Ауыл шаруашылығы саласындағыларға орташа тариф жүреді. Олардыкі 37 теңгемен қалады. Біз тек ұсынысты бердік қой, енді соның жауабын күтеміз, — дейді «Атырау-Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Құбашев. 

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің өкілдері жарықтың көтерілгеніне қарсы емес. Егер нақты негіз болса, ұсынысты қабылдаймыз деп отыр. Демек жарыққа жауапты компания бағаны бір жылда неше рет көтергісі келсе де оған еш қарсылық жоқ. 

Бағаны компания емес, бірыңғай сатып алушы, Kegoc, ҚТЖ сынды жауаптылар, орталық аппарат көтереді. Сол барлық шығын көлемі есептеліп, бекітілігеннен кейін, мына жақта серіктестік те көтеруге мәжбүр болады. Ондай жағдайда біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Бізге нақты дәлелі бар ұсыныс берсе, біздің мақұлдаудан басқа амалымыз жоқ. Жылына қанша рет ұсыныс берсе де құқықтары бар оған. Мен басқа ештеңе айта алмаймын, — дейді Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегенов. 

Кәсіпкерлер Атыраудағы бизнес иелері жарық үшін ең көп ақы төлейтіндердің бірі деп шуласты. Расында ел бойынша бағаны қарасақ электр энергиясына шашылатындар көшін Ақтөбе, Ақмола, СҚО және Атырау облысының кәсіпкерлері бастап тұр екен. Олар жарықтың киловаты үшін 40-49,99 теңгесін қалтасынан жырып береді. Ең арзан аймақтар Қызылорда, БҚО мен Ұлытау облысы екен. Ал есесіне жеке тұлғалар үшін Атырауда баға әлдеқайда арзан дейді жауаптылар.
Серіктестік директорының сөзінше өткен қоғамдық тыңдаудың қорытындысы тамыз айының аяғына дейін белгілі болады. Департамент ұсынысты мақұлдаса, алдағы күзден бастап жұрттың жарық үшін төлейтін ақшасы әлдеқайда артады.


ПІКІР ЖАЗУ