«Алматыға ескі көліктер кіргізілмейді»: эколог неге шектеулер енгізілуі керектігін айтты

Алматыда төмен шығарындылар аймағын (Low Emission Zone, LEZ) енгізу жобасы талқылануда. «Ашық НҚА» порталында қазақстандықтар алдағы шектеулер туралы белсенді түрде сұрақтар қойып жатыр. Осы орайда Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі белгілі эколог Евгений Мұхамеджановпен сұқбаттасты.
Қалада төмен экологиялық класты көліктерге (Евро-5-тен төмен) орталыққа кіруге шектеу қойылуы мүмкін. Бастама қоғамдық талқылауға шығарылды. Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, мұндай көліктер орталыққа ақылы түрде кіруі мүмкін, ал ал ауа қатты ластанған кезде мүлдем тыйым салынуы ықтимал. Төлем автокөліктің аймақта жүрген уақытына қарай есептеледі.
Сонымен қатар қала әкімдігі ескі көлік иелеріне оларды мемлекетке өткізіп, утилизациялауға мүмкіндік бермек. Бағдарламаға 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін Алматыда тіркелген автокөліктер қатысады.
Жаңа ережелердің тағы бір бағыты – төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) енгізу. Алматы әкімідігі қала жеке-жеке «ақылы квадраттарға» бөлінбейтінін, бұл бүкіл Алматыны қамтиды.
Бұл қаланың бедерімен байланысты, ауаны ластағыш шығарындылар кез келген нүктеден бүкіл аумаққа тарайды, сондықтан қаланың барлық нүктесіне шарттар бірдей болады, – деді әкімдікте.
«Ауамызды тазартпаса, бәріміз тұншығып қаламыз»
Эколог Евгений Мұхамеджанов жобамен жұмыс екі жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын еске салды. Оған сарапшылар, қоғам өкілдері және түрлі қауымдастықтар қатысқан.
Ауамыз лас, оны тазарту бойынша жұмыс істеу керек. Бүкіл әлем бір жолмен жүрді, ол шектеулер арқылы: бір жерде ескі көліктерге тыйым салынды, бір жерде төмен шығарындылар аймақтары енгізілді. Жалғыз Алматыда емес. Қаланың шамамен 20%-ға жуық көлігі “Еуро-0” және “Еуро-1” класына жатады, бірақ дәл солар барлық автокөлік шығарындыларының 84%-ға дейінін құрацды. Егер олардың қозғалысын шектесек, ластану деңгейін алты есеге азайтуға болады, – деп түсіндірді эколог.
Оның айтуынша, ластанудың маңызды көзі болып ТЭЦ-2 қала береді.
Оны газға көшіру бірнеше жылдан бері кейінге қалдырылып жүр. Ал бұл шығарындыларды 20%-ға азайтуға мүмкіндік берер еді. Адамдарға шектеу қоюдан гөрі энергетика мәселесін шешкен оңайырақ, бірақ бұл қадам үнемі тежелуде, – деп атап өтті сарапшы.
Экологиялық жаңа ережелер кезең-кезеңімен енгізіледі
Жобаға сәйкес, Алматыда LEZ аймағы біртіндеп енгізіледі:
- алдымен нөлдік тарифпен және «Таза қала» жүйесінде міндетті тіркеумен пилоттық режим;
• кейін аймақты кеңейту және көліктің экологиялық класына қарай төлем енгізу.
Экологтың айтуынша, қалаға кіре беріс аймақтарға көлік тұрақтар салу, метро мен автобус желісін ары қарай дамыту арқылы әкімдік ескі көліктерден бас тартуды жеңілдетуі тиіс.
Оның сөзінше, көптеген алматылықтар мен қала қонақтары үшін мұндай шаралар жат болуы мүмкін.
Адамдар үшін әрқашан шектеулерді еңсеру қиын. Бірақ таңдау жоқ, әйтпесе бәріміз тұншығып қаламыз, ауру балалар дүниеге келеді. Бүгінде әңгіме жайлылық туралы емес, өмір сүру және таза ауаға құқымыз туралы болып отыр. Сондықтан бұл жаңа экологиялық шаралар енгізілуі тиіс, – деді Евгений Мұхамеджанов.
Айта кетейік, әуелі пилоттық жоба 2025 жылғы 1 қазаннан бастап орталықта іске қосылады, кейін 2026 жылы кеңейтіліп, 2027 жылдан бастап бүкіл қаланы қамтиды.
Экологтардың пікірінше, Алматыдағы ескі көліктерді біртіндеп айналымнан шығару ауа сапасын айтарлықтай жақсартады.
Алматыда Парето заңы жұмыс істейді. Ескі автокөліктердің шамамен 20 пайызы бүкіл зиянды шығарындылардың басым бөлігін (80 пайызға жуығын) тудырып отыр. Сондықтан дәл осы көліктерді кезең-кезеңімен айналымнан шығару ауа сапасын айтарлықтай жақсартады, — дейді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова.